Ұлт ұстазына құрмет: Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының туған күні кең көлемде аталып өтті
Алматыдағы музей-үйінде «Бір мақсат, бір мүдде» атты дөңгелек үстел өтті
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай оның Алматыдағы музей-үйінде «Бір мақсат, бір мүдде» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаш арысының ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталған жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жастар мен Ұлт ұстазының ұрпақтары қатысты. Басқосуда Алаш мұрасы, ұлттық тіл мен ғылымның дамуы кеңінен сөз болды. Ал мектеп оқушылары ағартушының өлеңдерін оқып, жиналғандарға ерекше рух сыйлады.
«Ахмет бабамызды қазақ халқы біледі деп ойлаймын. Ұлт ұстазы деп,туған күнін атап жүрміз. Бәрі – ұлтым, жерім деп жанын пида қылған кісілер. Біз оларды ардақтап жүруіміз керек», – деді А. Байтұрсынұлының ұрпағы Жантемір Қамза.
Іс-шара барысында Алаш арыстары туралы сыр шертіліп, құнды отбасылық естеліктер айтылды. Сондай-ақ ғалымдар музей қорына өздерінің жаңа ғылыми еңбектерін сыйға тартты. Ал ұлттық өнер мен ғылымға, ағартушылық саласына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгімен марапатталды.
«Алаш зиялыларының және осы Алаш қайраткерлерінің Ахмет Байтұрсынұлымен бірге жасаған саяси, тарихи тұрғыдағы ұлы істері сөз болатын дөңгелек үстел болады. Алматы қаласы Тілдер басқармасының ұйымдастыруымен тіл үшін қызмет еткен көрнекті тұлғаларды марапаттаймыз», – деді А. Байтұрсынұлы музейінің аға-қызметкері Әділет Ахметұлы.
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алматының Наурызбай ауданында 35 жоба жүзеге асырылып жатыр