Ұлттық қор - балаларға: кәмелетке толғанда қаражатты пайдаланбаса, ақша қайда аударылады

12.01.2026 15:58

Ұлттық қордан 2026 жылға арналған аударымдар балалардың шотына ақпан айында түсе бастайды

Almaty.tv

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларға аударылады деп 2022 жылғы Жолдауында айтқан. 2024 жылы 1 ақпанынан бері мақсатты жинақтарды алу үшін 205 мыңнан астам өтініш орындалған. Демек, 18 жасқа толған азаматтардың жартысынан көбі Ұлттық қордан берілетін өз қаражатын әлі пайдаланбаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ұлттық қор - балаларға» жобасы мыңдаған қазақстандық отбасына нақты қолдау болып отыр. Осы уақыт ішінде кәмелет жасына толмағандардың шотына 31 миллион доллардан астам қаражат аударылған. Осы аралықта үлесін пайдалануға 205 мыңнан аса қазақстандық өтініш беріпті. Олардың 128 мыңы бұл қаржыны баспана жағдайын жақсартуға жұмсаса, 78 мыңнан астамы білім алып, жоғары оқу орындарындағы оқу ақысын төлеуге бағыттаған.

«Бұл жерде ең маңыздысы – азаматтарымыз Ұлттық қордан бөлінген қаражатты уақытылы қолдану. Екіншіден, тұрғын үй жағдайын жақсартуға қолданған қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне д аударылды. Ал білім алуға отандық білім беру мекемелеріне аударылып, ақысын төлеп жатыр», – деді  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.

Жауаптылардың мәліметінше, кәмелет жасқа толған 600 мыңға жуық баланың жеке шотына қаражат аударылған. Алайда олардың басым бөлігі әзірге өз үлесін пайдалану үшін өтініш бермеген. Мамандар бұған алаңдаудың қажеті жоқ деп отыр. Егер азамат 10 жыл ішінде аталған қаражатты тұрғын үй немесе білім алу мақсатында пайдаланбаса, ақша автоматты түрде оның ерікті зейнетақы шотына аударылады. Кейін бұл қаражат зейнетақы төлемі ретінде беріледі. Ал қаражат мүлде қолданылмаған жағдайда, ол мұрагерлік тәртіппен заңды иелеріне қалдырылады.

«Көптеген азаматтар қолдану бағытын ойластырып жатыр. Болашақта магистраутрада немесе шетелде оқыған кезде қолданау мақсатында ақшасын әлі қолданған жоқ», – деді Мұрат Шәріпов.

Бағдарламаға қатысты халықтың пікірін де білген болатынбыз.

«Былтыр көрдім түскенін, биыл қараған жоқпын. Біреуі 13-те жасы, біреу 15-те. Екі рет 100 доллардан түскен. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан балалардан аямау керек», – деді қала тұрғыны Наргүл Әбутәліпова.

Ұлттық қордан 2026 жылға арналған аударымдар балалардың шотына ақпан айында түсе бастайды. Оның көлемі қордың шетел валютасындағы активтері мен ұзақмерзімді инвестициялық табысына қарай есептеледі. Жоба іске қосылған жылы әр балаға 100 доллардан аударылған болса, 2025 жылы бұл сома 129 долларды құраған.

Мәди Мәлік, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: «Ұлттық қор — балаларға»: ата-ана немесе заңды өкіл нені ескеруі керек