Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында басталды
Медициналық және әлеуметтік қолдау жүйесін толықтыра отырып, мемлекет болашақ ұрпақ үшін қаржылық тұрақтылықтың ұзақмерзімді тетіктерін енгізуде. Мұндай тетік 2022 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы болды. Оның мәні Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару болып саналады. Жинақталған соманы тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану ұсынылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастама болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың білім алуын табысты бастау және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған. Іске асыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында басталды. Оның шеңберінде 2006 жылдан бастап туылған әрбір балаға Ұлттық қордан жыл сайын қаражат аудару көзделеді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бағдарламаға 6 919 131 адам – 2006 жылдан 2023 жылға дейін қоса алғанда туылған балалар қатысты. Олардың әрқайсысына $100,52 аударылды.
Есептеудің жалпы сомасы $695,5 млн-ды құрады. Ұлттық қордан ақша есептелген балалардың жалпы санынан 2024 жылы 304 815 адам 18 жасқа жетті, оларға жалпы сомасы $30,6 млн аударылды.
2025 жылы қатысушылар саны 6 921 035 балаға дейін өсті, оның 324 430-ы биыл 18 жасқа толады, ал аударымдар $129,38 құрады. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балаларда инвестициялық кірісті қоса есептегенде, жинақтардың жалпы сомасы – $232,94. Ұлттық қордан берілген жалпы сома $1,5 млрд-ты құрады.
«Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталады, содан кейін оларды тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Осы мақсаттарға 118 мыңнан астам өтінім берілді. Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 63 871 өтінім, оқу ақысын төлеуге – 54 270 өтінім келіп түскен», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы әрбір баланың болашағы үшін қаржылық база құруға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тетігі болып саналады.
Оқи отырыңыз: Елімізде балалары бар 2 млн отбасы түрлі жәрдемақы мен төлемдер алады