Ғалия Маханова келешекте өз идеясын жүзеге асырып, кәсібін кеңейтуге ниетті
Ұлт үшін ұлық мерекеде ұлттық құндылықтарды дәріптеу - ұлағатты іс. Осы ойды серік еткен қызылордалық қолөнер шебері Ғалия Маханова ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар әзірлеп, сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шығармашылыққа бейім Ғалия Маханованың саусағына оймақ іліп, іс тігумен айналысқанына жиырма жылға жуықтапты. Үш перзенттің анасы үйіндегі аядай бөлмесін жабдықтап, тігін шеберханасына айналдырған. Тігін тігіп, өрнек тоқуды анасынан үйренген ісмер келіншек ұлттық нақыштағы киімдер, құрақ көрпешелер, қол сөмкелер мен қыз жасауын да әзірлейді. Әсіресе, бесік жабдықтарын дайындауға аса назар аударады екен. "Қазақтың қара домалақтары көбейген сайын кәсібім де өрістей түседі" дейді өзі.
"Келешек, болашақ баланың, бөпенің жататын алғашқы төсеніші ғой, оны адал жасауға тырысамын, өйткені мен де анамын, құрсақ көтеріп жүрмін. Әрбір ана мен баланың бақытты, дені сау болып өмір сүргенін қалаймын, тілеймін. Бесік жасауы бірнеше бөліктен тұрады. Екі жылы жапқышы, екі баулығы, шілтері, мамықтан жастығы, төсеніші, тартпасы болады, сәбиге көз тимесін деп үкі саламыз", - деді тігінші Ғалия Маханова.
Шебердің Маңғыстау, Жаңаөзен, Түркістаннан да тапсырыс беретін тұрақты тұтынушылары бар. Ғалия Маханова әр оюды өз қолымен ойып, оған салынатын өрнектің мағынасына мән береді. Туындының сапалы болуы ең басты шарт дейді.
"Мен бәрін қолыммен жасаймын, аппаратпен ою, біреуге ойдыру деген жоқ. Жұмыс істегенде, тігін тіккенде, ішкі сезімді айтып жеткізу қиын. Сырттан қарап тұрғанда білінетін шығар. Жолдасым «сенің көзің басқаша болып көрінеді" деп айтатын. "Мен тігіп жатқанда жұмысыма менің көзіммен қарап көр" деймін. Тігін тіккеннің, халыққа қызмет еткеннің өзі бақыт. Сапалы етіп жасауға тырысамын", - деді Ғалия Маханова.
Өнерлі жан ұлттық құндылықты ұлықтап жүргенін мақтан етеді. Келешекте өз идеяларын жүзеге асырып, кәсібін кеңейтуге де ниетті. Жеке брендімді қалыптастырсам деген мақсаты да бар.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Аlmaty TV, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: "Мен сені сүйемін, Қазақстан": Алматы мектебінде айтыскер ақынмен кездесу өтті