Ұлттық театрға 100 жыл: Алматыда мерейтойлық көрме ашылды

30.01.2026 16:06

Көрмеде алғаш рет көпшілік назарына сахна майталмандарының тарихи костюмдері ұсынылды

Алматыда Мұхтар Әуезов театрының 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған Ұлт театры» мерейтойлық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экспозиция негізіне Алматы музейі мен театр қорының 1926 жылдан бергі сирек жәдігерлері, соның ішінде 1940-жылдардан қалған түпнұсқа афишалар мен құнды архивтік құжаттар алынған. Көрменің басты құндылығы – алғаш рет көпшілік назарына сахна майталмандарының тарихи костюмдері ұсынылды.

Атап айтқанда, Тұңғышбай Жаманқұловтың «Абылай хан» бейнесіндегі және Шолпан Жандарбекованың «Ақан сері-Ақтоқты» рөліндегі киімдері ұлттық өнердің сан қырлы кезеңдерінен сыр шертеді. Ғасырлық тарихты дәріптейтін бұл мәдени жоба ақпан айының соңына дейін жалғасып, көрерменге қазақ театр өнерінің даму жолын жаңа қырынан таныстыруды көздейді.

«Көрмеде 150-ден астам құнды жәдігер көрсетілген, архивтік құжаттар, сонау театрдың басында тұрған белгілі тұлғалардың киген сахналық костюмдері, қазіргі таңда театрдің актерлерінің киімдері, сонымен қатар архивтік фотосуреттері көрсетілген. Көрменің мақсаты – еліміздің театр өнерінде руханиятын дамыту», – деді Алматы музейінің жетекшісі Кәмшат Жиенәлиева.

«Театр музей қорында керемет суреттер бар. Олар – сонау 1926- 1928 жылдардағы театрдың труппасының суреттері. Осы театрдың негізін қалаған, театрдың алғашқы саңылақтарының бейнесі түпнұсқада сақталынған. Театрдың музей қоры өте бай, 200 мыңға жуық  жәдігер бар», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.

Оқи отырыңыз: Бауыржан Момышұлы - жастарға нақты тірек бола алатын рухани тұлға