Бастаманың негізгі мақсаты — Отан алдындағы борышын адал атқарған жастарды қолдау
Астанада «Сарбаз 2.0» республикалық бағдарламасы аясында мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарға жоғары оқу орындарының грант сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді, - деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
Ауқымды білім беру жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты — Отан алдындағы борышын адал атқарған жастарды қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру.
Биыл Ұлттық ұлан сарбаздарына 660-тан астам білім гранты бөлінді. Оның ішінде елордалық құраманың 14 жауынгері жолдамаға ие болды. Бұл көрсеткіш еліміздің барлық күштік құрылымдары арасындағы ең жоғары нәтиже болып тіркелді. Айта кетерлігі, биыл бағдарламаға қатысуға 4 мыңға жуық сарбаз өтініш білдірген, бұл — Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілерінің 60 пайызы.
Құнды сертификаттарды үздік жауынгерлерге ҚР Ішкі істер министр орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков табыстап, жобаның жастар болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін сертификат алған әрбір әскери қызметші бұл жетістікке өз еңбегімен, табандылығымен және білімге деген ұмтылысымен қол жеткізді. Болашақта осындай жастар білікті маманға, сұранысқа ие кәсіби кадрға және мемлекетіміздің сенімді тірегіне айналатыны сөзсіз», – деді Аңсаған Балтабеков.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 70-тен астам жетекші жоғары оқу орны осы конкурс жеңімпаздарын қабылдау жөніндегі меморандумға қол қойған. Қарулы Күштер, өзге де әскери құрылымдар мен ЖОО-лар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында жоба жеңімпаздары тегін білім алып қана қоймай, шәкіртақымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Гранттарды бөлу қатысушылардың қорытынды рейтингі негізінде жүргізілді. Оған тек жауынгерлік даярлықта, үлгілі тәртіп пен арнайы тапсырмаларды орындауда озық шыққан, өздерін үздік қырынан көрсеткен сарбаздар ие болды.
Бұл бастама құқықтық тәртіп әскері қатарындағы қызметтің тартымдылығын арттырып, жас Отан қорғаушылардың тұлғалық әрі кәсіби дамуына жол ашады.
Оқи отырыңыз: Мұрагерлер зейнетақы жинағын бірден ала алады