Ұлттың рухын оятып, ертеңге сенімін нығайтты: Астанада әскери парад қалай өтті

07.05.2025 19:12

Жауынгерлер халыққа қазақ армиясының қауһарын көрсете білді

«Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз». Бүгін Астанада өткен ауқымды әскери парадта Мемлекет басшысы Қосым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақ әскерінің қауһары жыл жылжыған сайын күшейіп келеді. Армия озық қару-жарақпен жабдықталған. Almaty.TV тілшісі Аршат ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ салтанатты шеруге барып, әскеріміздің әлеуетін көріп қайтты.

Бұл парад өткенге көз жүгірткен шеру болды. Алдымен ресми рапорттар берілді. Одан кейін Мемлекет басшысы бұл күннің мәні мен маңызына тоқталып, ардагерлерге алғыс айтты.

«Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Лекті қос байрақты асқақтата көтерген топ бастады. Бірі тәуелсіз еліміздің көк туы болса, бірі –осыдан 80 жыл бұрын Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен жалаудың көшірмесі. Ардагерлер үшін бұл нышан – Ұлы Жеңіс символы.

«Әскери парад өте тамаша өтті. Біздің ҚР Қарулы күштері әрқашан Отанымызды қорғауға дайын. Сондықтан елімізді қорғауға қабілетті әскеріміз бары қуантады», - деді Шекара қызметінің зейнеткері Қайрат Мамырбаев.

Әскери парадты елордалық барабаншы кадеттер бастады. Жас әскерилердің соңынан басқа топ сұрапыл соғыс жылдарында жауынгерлер киген формамен сап түзеп өтті. Одан кейін құрлық әскерінің парадтық топтары, әуе күштері, әскери теңіз күштерінің сарбаздары, арнайы операциялар күштері, десанттық шабуылдаушылар легі жүрді. Бір айдан астам дайындалған шеруге 70-ке тарта ұшақ пен тікұшақ, 24 парадтық топ, жалпы жиыны 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысты. Бұл ауқымды шара тікелей эфир арқылы еліміздің барлық өңіріне тарады. Әскери парадты астаналықтар арнайы белгіленген жерлерде үлкен экран арқылы тамашалады.

«Мен өзім осы әскери шеруге бірінші рет қатысып отырмын. Өте жоғарғы деңгейде болды. Еліміз үшін, Қазақстанымыз үшін, өзіміз үшін өте қуаныштымын», - деді зейнеткер Азат Шырақбаев.

Сап түзеген сарбаздар легі аяқталып, алаңға әскери көліктер колоннасы шықты. Парадқа 200-ден астам қару жарақ пен әскери техника қатыстырылды. Алдыңғы шепте ауыр танктер жүрді. Одан кейін зеңбіректер, брондалған көліктер, жойқын әскери техникалар өтті. Парад сапында алғаш рет «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас» машиналары мен минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнайы автокөліктер болды.

«Парад өте жақсы өтті деп ойлаймын. Бүкіл Қазақстан тамашалай алды. Бұл елімізге Ұлы Отан соғысында қан төккен ата бабаларымыздың әкелген жетістігі. Сондықтан осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткеніне қуаныштымыз», - деді БҚО тұрғыны Жетпісбай Бектеміров.

Әскери авиция да аянып қалған жоқ. Ұшқыш мергендер көкке МИ-17, МИ-35 сынды тікұшақтарын, СУ-25, СУ-30 есем ұшақтарын кезек-кезек көтерді. Сондай-ақ алғаш рет Airbus А-400 жүк тасығыш ұшағы алаңның төбесінен ұшып өтті.

Шеру соңында ұшқыштар көк аспанды Қазақстан туының түсіне бояды. Бұл парад ұлттың рухын оятып, ертеңге деген сенімін нығайтты. Жауынгерлер халыққа қазақ армиясының қауһарын көрсете білді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Әскери парадты көруге келген астаналықтар санында есеп болмады