Ұлы даладан әлемдік аренаға дейін: 3 қыркүйек – Қазақ тазысы күні

03.09.2026 09:45

Қазақ тазысының халықаралық стандартқа енгеніне екі жыл толды

Аlmaty.tv

Бүгін, 3 қыркүйекте, Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы күні аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың жазуынша, құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы.

"Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді.

Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды.

Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді", - деп атап өтті Айбек Смадияров.

3 қыркүйек Қазақ тазысы күні ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осыдан екі жыл бұрын, 2024 жылғы 3 қыркүйекте, Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын уақытша негізде халықаралық деңгейде танып, №372 тұқым стандартын бекітті.

Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.

"Бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған.

Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам", - деді А. Смадияров.

Айта кетейік, қазақ тазысы – халқымыздың дәстүрі мен көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты ежелгі ит тұқымы. FCI стандартында тазының Қазақстан аумағында ежелден белгілі болғаны және оның дамуы көшпелі халықтардың тұрмысымен тығыз байланысты екені жазылған. Тазыға ұқсас иттердің бейнелері темір дәуірінің соңынан бастап кейінгі кезеңдерге дейінгі жартас суреттерінде кездеседі.

Тазы қазақтың ауыз әдебиетінде де ерекше орын алады. Ол «Жеті қазынаның» бірі саналып, аңшылықтағы сенімді серік, адалдық пен достықтың символы ретінде сипатталады.

Тазы негізінен аңшылықта пайдаланылған. Оның басты ерекшелігі – жылдамдығы, қырағылығы мен төзімділігі. Қазақтар оны қоян, түлкі және тұяқты аңдарды аулауға пайдаланған. Тазы жеке өзі де, топ болып та, құсбегілікпен қатар да аң аулай алған.

Қазақ тазысының ерекшелігі тек тарихи деректермен шектелмейді. Ғалымдар жүргізген генетикалық зерттеу бұл тұқымның басқа аңшы иттерден өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсетті. Зерттеу нәтижесінде тазының генетикалық әртүрлілігі жоғары екені және оның шығыс тазыларының ежелгі тармағымен байланысты екені анықталған.

Бүгінде ұлттық тұқымды сақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бірыңғай асыл тұқымдық кітапта 4 мыңға жуық тазы тіркелген.

Ал халықаралық деңгейдегі мойындау – тазыны сақтауға деген қызығушылықты арттырған маңызды қадам. Ендігі міндет – оның генетикалық қорын, табиғи ерекшеліктері мен жұмыс қасиеттерін сақтап, ұлттық тұқымды келер ұрпаққа жеткізу.

Қазақ тазысы – жай ғана аңшылық ит емес, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін ұлттық мұра.

Оқи отырыңыз. 3 қыркүйекке арналған валюта бағамы

Толық көрсету