Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды - Президент

Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аударылып, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды», - деді Президент.

Оның айтуынша, ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес.

«Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел», - деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, Әскери шеруді AlmatyTV телеарнасының тікелей эфирінен, сондай-ақ арнаның YouTube желіcіндегі парақшасынан көре аласыздар.

Оқи отырыңыз: Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты: Президент Әскери парадта сөз сөйледі

Новости партнеров