Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орталық Азия халықтары бұл мерекені бірнеше мың жылдан бері атап өтіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасын, яғни «жаңа жылды білдіреді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурыз - Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті мерекені тойлау кеңес заманы кезінде үзілді. Қазақстанда да талай жылдар бойы бұл діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы елімізде 1989 жылдан бастап қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» ретінде аталып өтеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын» мәлімдеді. Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді.

Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2009 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік секілді халықтардың арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, ал Орталық Азия елдерінде және Әзербайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды.

Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады.

Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуар, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады.

Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі - Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен».

Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады. ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын.

 Дереккөз: kk.wikipedia.org

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Алматыда дәстүрлі ойын түрлері бойынша жарыс өтті

Новости партнеров