Ұлыстың ұлы күні: Наурызбай ауданында мерекелік шағын қалашық бой көтерді

21.03.2026 20:30

Орталық сахнада ән мен күй, би мен жыр тоғысып, көрерменнің ықыласын бір сәтке де сейілтпейтін концерттік бағдарлама ұсынылды

Almaty.tv

Наурызбайда Наурыз дүбірі ерекше сезілді. Ауданда мерекеге арналған шағын қалашық бой көтеріп, көктем тойы айрықша сән-салтанатымен өтті. Алаңда мерекелік концерттен бөлек, жәрмеңкелер мен ұлттық спорттың түр-түрінен сайыстар ұйымдастырылып, ақ шаңқай киіз үйлер тігілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ұлыстың ұлы күніне орай Наурызбай ауданында мерекелік шағын қалашық бой көтеріп, Наурыз тойы айрықша сән-салтанатымен өтуде. Мұнда ағылған жұрт садақ тартып, мергендігін сынаса, енді бірі алтыбақан теуіп, думанның көрігін қыздырды. Ал ақ шаңқан киіз үйлерде жайылған дастарханнан жұртшылық түрлі дәмнен ауыз тиіп, қазақы қонақжайлықтың шынайы көрінісіне куә болды.

«Таңғы сағат 11:00-ден әртүрлі шығармашылық ұйымдары өнерін көрсетіп жатыр. Барылығы 13 киіз үй тігілді. Әр киіз үйде қазақтың салт-дәстүрі, өнері дәріптелетін шаралар өтетін болады. Одан басқа шығыс жәрменкесі ұйымдастырылған», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.

«Бесікке салу, бөлеу, келін түсіру, беташар жасау, тұсаукесер сынды салт-дәстүрді көрсетіп жатырмыз. Наурыз көже таратып жатырмыз. Ыстық бауырсағымыз бар», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру және халықтық дәстүрлерді сақтау орталығының директоры Әлфия Садыққызы.

Орталық сахнада ән мен күй, би мен жыр тоғысып, көрерменнің ықыласын бір сәтке де сейілтпейтін концерттік бағдарлама ұсынылды. Жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қала әкімінің жылы лебізін жеткізуге шаһар басшысының орынбасары Абзал Нүкенов арнайы келді.

«Табиғат жаңарып, ел қайтадан жаңғырып жатыр. Сондықтан да мейрамда әрқашанда жақсылық, ынтымақ, бірлік туралы айтуымыз керек. Әдемі Ұлыстың ұлы күні әдемі өтіп жатыр. Наурыздан наурызға жете берейік!. Орыза айт қабыл болсын! Мейрам құтты болсын!», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Наурызбайда Наурыз тойы биыл ерекше қарқынмен атап өтілгенін аудан жұрты да айтып отыр. Мұндағы безендірілген аумақ, алуан түсті фотозона мерекенің ажарын аша түскендей. Алаң іші бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген: бір тұсында ұлттық қолөнер көрмелері мен шеберлік сағаттары өтсе, келесі аймақта зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен қолдан жасалған туындылар көпшілік назарына ұсынылды.

«Наурыз мейрамы тойланып жатыр, ел жұрттың көңілі көтеріңкі. Әрине, жаңа жыл деген қашанда жаңалығымен, жақсылығымен, ырыс-берекесімен келе берсін деп айтамыз. Сол игілік, ырыс, құт деген осы – жылқы жылы. Мынау жарыстың алдын бермейтін жүйрік сәйгүлік, тұлпар, арғымақ жылқының жалынымен келсін. «Тұлпар қанатты болады» дейді, пырақтың қанатымен келсін», – деді ақын, жазушы Ұлықбек Есдәулет.

Наурызбайдағы думан тек ойын-сауықтың ғана емес, ұлттық бірегейліктің, салт пен сананың сабақтастығын айшықтаған тағылымды мерекеге айналды.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Цифрлық Наурыз: Алматыда жасанды интеллект мерекелік бағдарламаға қалай енгізілді