Ұлытау облысында 114 жастағы кейуана дауыс берді

06.10.2024 19:36

Ұлытау облысы бойынша 138 612 азамат өз таңдауын жасай алады

Almaty.tv

Ел үшін саяси маңызды күнде азаматтық борышын орындап, таңдау жасағандардың қатарында Қазақстанның ең қарт азаматы да бар. 114 жастағы Ұлытау облысының тұрғыны Түймегүл Темірбаева бұған дейінгі науқандарда да қалыс қалмапты. Өңірде сол кісі секілді 138 мыңнан аса адам бүгін дауыс беру құқығына ие, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін облыс орталығы саналатын Жезқазған қаласында да референдумға қатысып, азаматтық борышын өтеп жатқандардың қарасы қалың. Референдум кезеңінде ерекше қажеттілікті талап ететін 336 адам бар. Олардың дауыс беруі үшін учаскелерде жағдай толық ған. Арнайы арбаны 157 адам пайдаланса, көруі мен есту қабілетінде кемшілігі бар азаматтарға қажетті заттар түгел қойылған.

"Участокте 9 комиссия мүшесі бар. Дайындық жұмысы қыркүйекте басталды. Учаскеде 2500-ге жуық адам бар. Ерекше атап өтетін таңертең зейнеткерлер  белсенділік танытты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан 4 адамнан өтініш түсті. Заң бұзылған жоқ. Бақылаушылар уақытында келді, тіркеуден өтті", – деді комиссия төрағасы Қалдыбай Қадырсызов.

Дауыс берушілер қатарында зейнеткерлер көп. Референдумда елдің ең қарт азаматы – 114 жастағы Түймегүл Темірбаева таңдауын жасады. Кейуана Жаңаарқа ауданы, Қызылжар ауылындағы үйінде дауыс берген. Бұл күні жергілікті өнерпаздарда қарап қалып жатқан жоқ. Азаматтардың көңілін көтеру мақсатында учаскелерде концерттік бағдарлама ұйымдастырып, арнайы аниматорлар ата-анасымен еріп келген бүлдіршіндердің көңілін аулады.

"6 қазан референдум өтіп жатыр,  халықпен бірге менде таңдауымды жасап, дауыс беруге келіп тұрмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бейбітшілік заман болсын дейміз!" – деді қала тұрғыны Жақсыбек Бейжігітов.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барынша жағдай жасалып жатыр. Тұрғындардың еркін дауыс беруі үшін қалада 6 инватакси қызмет көрсетуде. Ұлытау облысы бойынша 138 612 азамат өз таңдауын жасай алады.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында 102 жастағы кейуана дауыс берді