Облыстық әкімдік өкілдері мәселе биыл шешімін табады деп сендіріп отыр
Ұлытау облысында автодром жоқ. Ал жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы сынақ тапсыратындар амалсыздан Астанаға ағылуға мәжбүр, Қарағандыға қатынайды, деп хабарлайды Almaty.ty тілшісі.
Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары«үш жылдан бері облыс мәртебесін алсақ та, қажетімізді өзге қаладан іздейміз» деп налиды. Ресми мәртебеге қарамастан, бұл жерде инфрақұрылымның дамуы әлі де баяу. Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — автодромның жоқтығы. Өйткені жүргізуші куәлігін алу үшін кезекте тұрғандар Қарағанды немесе Астанаға баруға мәжбүр. Ал бұл дегеніміз – бір анықтама үшін жүздеген шақырымды артқа қалдыру деген сөз. Оған қалтаға түсетін салмақ пен кететін уақытты қосыңыз.
«Маған жүргізуші куәлігін алу қиындық туғызып тұр, себебі бізде автодром жок. Біз үлкен қалаларға барып тапсыруға мәжбүрміз. Кейбір адамның қалтасы оны көтерсе, кейбірінің жағдайы келмейді. Облыс болғанымызға 3 жыл болды ғой, Ұлытау облысында жеке автодром болғанын қалаймын», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Аяжан Тұралы.
Бүгінде облыс азаматтарын көлік айдауға үйретіп жүрген автонұсқаушы Әйгерім Тоқтасынова да автодромның жоқтығы білім алушыларды тәжірибеден өткізуге қолбайлау екенін айтады. Арнайы орын болмаған соң, әйтеуір амалдап жүрген мамандар өздері шағын алаң дайындапты.
«Автоинструктор ретінде бұл автодромның қажет екенін жеткізгім келеді. Қазіргі потокта 24 оқушы оқып жатыр, тесттен кейін практикаға шығады. Тағы да осы мәселеге тірелеміз. Практиканы өзіміз жасап алған жерден өтіп жатырмыз. Бірақ ол жерде сызып алған схема, мост жоқ. Бұл қиындық туғызып тұр», – деді нұсқаушы Айгерім Тоқтасынова.
Жергілікті билік бұл мәселені жоққа шығармайды. Облыстық әкімдік өкілдері автодромның жоқтығы – елеулі кемшілік екенін мойындайды және мәселе биыл шешімін табады деп сендіріп отыр. Айтуларынша автодромның құрылысы да басталған.
«Автодром құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд 516 мың теңге бөлінді. Мердігерлерге 30% көлемінде аванс төленді. Бүгінге дейін жұмыстар 7пайызға орындалды. Жұмыстар 2025 жылдың қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған», – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Алматов.
Тұрғындар уәде етілген автодромның құрылысы тез арада аяқталады деп үміттенеді. Себебі толыққанды жұмыс істейтін автодром – жас облыстың дамуына тағы бір қадам болмақ.
Алтынгүл Төлегенова, Алматы телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Ел өңірлерінде азық-түлік бағасы қандай