Ұлытаудағы ұлағат: Жаңаарқада «Көкмайса» этнофестивалі өтті

29.06.2026 21:45

Фестиваль аясында бір мезетте 500 бие сауылды

Almaty.tv

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ұлттық дәстүр дәріптеліп, «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шараға 15 мыңға жуық адам жиналып, 35 киіз үй тігілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Фестиваль аясында бір мезетте 500 бие сауылды. Бұл көрініс ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін айшықтады. Сонымен қатар «Қымызмұрындық» дәстүрі сахналанып, ауыл ақсақалдары бата берді. Қонақтарға қымыз ұсынылып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер көрсетілді. Фестиваль аясында көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, садақ ату, асық ату, жілік сындыру, қошқар көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық ойын болды.

«Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі - ұлттық салт-дәстүрді насихаттап қана қоймай, Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін арттыратын жоба. Мереке соңында жеңімпаздар мен құрақ көрпе тігудің үздік шеберлері марапатталды. Ал мерекелік кеш эстрада жұлдыздарының гала-концертімен қорытындыланды.

«Біз неше жылдан бері бие сауып келеміз. Алғашқы жылдары үйреткенде асаудың аяғына арқан салып, басына бұғалық салып, тұсаулап үйретеміз. Бие сауу оңай емес. Қаншама еңбек, маңдай тердің арқасында қымызды сауып, іске асырып, пайдаланып отырмыз. Ауылымызда барлық үйде бие байланады, қымыз ішеді. Қымыз ем ғой, денсаулыққа да пайдалы», – деді сауыншы Сандуғаш Азбаева.

«Ұлытау облысындағы қымыз фестиваліне алғаш рет келдім. Осы іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Жезқазғанда болып, облыс әкімімен ынтымақтастық кездесуін өткіздік. Қытайдың озық технологияларын  жергілікті кәсіпорындарға енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұртшылыққа қолайлы өмір сыйлайды деген сенімдемін», – деді турист Сяоцян Чжан  (Қытай).

Оқи отырыңыз: Бабалар мұрасы: Шанхайда Алматы музейлерінің бірегей жәдігерлері қойылған халықаралық көрме ашылды