Үңгуші - қызық әрі қауіпті мамандық - Нұрлан Садық

Өндіріс ошағы жылына 4 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы аграрлы-техникалық колледжде кеншілер дайындалып жатыр. Биыл білім ордасы тау-кен өндірісі бағытында тағы да бес мамандықты оқытпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыр өңірінде қиындығы мен жауапкершілігі мол мамандықты меңгеріп жатқан жастар аз емес. Солардың бірі – тау-кен өндіру зауытында еңбек ететін Нұрлан Садық. Оның жұмысы күн сайын 500 метр тереңдікте  шахта үңгуден басталады. Ал жер астындағы жұмысты үңгушісіз елестету мүмкін емес.

«Шалқия Цинк» кен орнында 2023 жылдан бастап жұмыс жасап келемін. Жұмысым қызық, ұнайды. Үйренесің, көресің, шахта қызық. Қанша дегенмен әкемнің жолын қуып келе жатырмын. Әкем де 30 жылдан астам уақыт істеп жатыр», – деді үңгуші Нұрлан Садық.

Өндіріс ошағы жылына 4 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өңделген шикізаттың жартысынан астамы мырыш, ал қалғаны қорғасын концентраты. Осы істің бәрінің басы-қасында жүрген Мұхамед Жұмабек те тау-кен комбинатында 4 жылдан бері жұмыс істейді.

«Жер астындағы техникаларға жанар май құю – жұмысым. 2021 жылдан бері жұмыс істемймін. Шахтада жұмыс істеу басында қорқынышты болды. Биыл  Президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады ғой, мен де жастарды осындай жұмыс жасауға шақырамын», – деді көлік жүргізуші Мұхамед Жұмабек.

Биыл Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін 180 жас бітірсе, оның 15-і жергілікті өнеркәсіп орындары мен зауыттарға жұмысқа жолдама алған. Оқу орнында шәкірттер 19 мамандық бойынша білім алады. Негізінен тау-кен және аграрлық сала бойынша қызметкер даярлауға басымдық берілген. Мұнан бөлек,  бұрғылау, токарь және құрылысшы мамандықтары бар.

«Аудандағы үлкен өндірістік кәсіпорындармен меморандумға қол қойып, өндірістік тәжірибелерді сол жерде өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал жаңа оқу жылынан бастап аграрлы-техникалық колледж тау-кен өндірісі бағытында тағы 5 біліктілікті оқу процесіне енгізбек: тазарту забойының жұмысшысы, үңгуші, жер асты монтаждаушысы, маркшейдерлік ісі және кен орындарын ашық қазу мамандықтарын оқу процесіне енгізбек», – деді Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі директорының міндетін атқарушы  Тәттімбет Әбдіреймов

Теория мен тәжірибені ұштастыра білген жастар кен қазудың қыр-сырына қаныға бастаған. Мамандар «жер астына түсетін шеберлердің іс-әрекеті, жеке басының қауіпсіздігі басты назарда» дейді. Ал олар қазған өткел кез келген кеніштің болашағына негіз қалайтын жол болмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

 

Новости партнеров