Қазақстанда Вице-Президент қызметіне әйел адам тағайындалуы әбден мүмкін. Депутат Үнзила Шапақ Конституцияда кандидаттың жынысына байланысты ешқандай шектеу жоқ екенін айтады. Тек, осы елдің азаматы болып, барлық талаптарға сай келсе жеткілікті екен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында вице-президент лауазымы 1991-1996 жылдар аралығында болған. Оны атқарған бірінші және әзірге жалғыз адам – саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Ерік Асанбаев еді. Кейін бұл қызмет жойылған. Араға 30 жыл салып, биыл қаңтарда Мемлекет басшысы вице-президент лауазымын қайта енгізуді ұсынды. Депутат Үнзила Шапақ «бұл институтты енгізу саяси қажеттіліктен туындап отыр» дейді.
«35 жылдан кейін неге енгізіліп жатыр деген сұраққа нақты келетін болсақ, белгілі кезекте тарихи кезеңдерден кейін ол институттың болу керектігі нақтыланды. Себебі, бұл институт көп деген мемлекеттерде бар. Бір биліктің келесі билікке ауысқан кездегі белгілі бір уақыт осы аралықтың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ.
Үнзила Шапақ вице-президент институтының негізгі міндеті – билік транзиті кезіндегі тұрақтылық пен басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету дейді. Ол қандай да бір мемлекеттік органды басқармайды. Президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік функцияларды атқарады. Қазіргі Конституция бойынша Президенттен кейінгі екінші тұлға ретінде Сенат төрағасы саналса, жаңа жүйеде бұл өкілеттік вице-президентке беріледі.
«Президент өз еркімен лауазымынан түскен жағдайда, екіншіден денсаулығына қатысты міндеттілігін атқарудың тұрақты қабілеттілігі дендеген жағдайда немесе биліктен кетірілген жағдайда вице-президентке берілетін болады. Бірақ бір ерекшелік бұл туралы нақты көрсетілген. Яғни, бір аптаның ішінде ант беріп қызметті атқарады. Екі айдан кейін сайлау жүргізілген болады. Демек, осындай өтпелі кезеңде биліктің тұрақсыздығын қамтамасыз етіп отырады», – деді Үнзила Шапақ.
Талапқа сай вице-президент Қазақстан азаматы болуы шарт. Соңғы 15 жыл елде тұруы қажет. Қазақ тілін жетік меңгерген, жоғары білімді болуы керек. Жынысына байланысты шектеу жоқ. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Осы тұста депутат Нұртай Сабильянов жаңа вице-президенттің қашан тағайындалатыны туралы өз болжамын айтты.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Одан кейін осы Конституцияны жүзеге асыруға байланысты мәселелер қаралатын болады. Құрылтайдың сайлау болады. Құрылтайдың депутаттары сайланғаннан кейін, менің ойымша бірінші жалпы отырыста Құрылтайдың вице президентті тағайындау туралы келісім қаралатын болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Құрылтай демекші, 1 шілдеден бастап Сенат пен Мәжіліс өкілеттігін тоқтатады. Күзде жаңа құрамдағы Парламент жұмысын бастайды. Қос палата Құрылтай туралы да заңды қарады. Осы орайда мәжілісмен Абзал Құспаннан «жұмысқа алынған, бірақ толық қаралып бітпеген заңдардың барын ескерсек, кейбір депутат бастаған істі аяқтау үшін Құрылтайға өтуі мүмкін» деген қоғамдық пікірге қатысты ойын сұрадық. Халық қалаулысы өзінің жеке бастамасымен әзірленген заңдарға алаңдайтынын жасырмады. Әсіресе, «жеке детективтік қызмет туралы заңды» соңына дейін жеткізу үшін Құрылтайға өтуге де бар екен.
«Солай болса жақсы болар еді. Өйткені, бастап қойған заңдардың ішінде менің де заңдарым бар. 2023 жылы келген бойда, тікелей қолға алып, өзімнің бастамаммен жазған заңдарымның бірі – жеке дектективті қызмет туралы заң. Биыл Мәжіліске қабылдадық. Енді қарайық десек, сол үлгере алмайтын болған соң Құрылтайға қалып бара жатыр. Сондықтан мен әңгіменің ашығы, жақсы мағынада мен мүдделімін Құрылтайға баруға. Сол сіз айтқан нұсқа шындыққа айналса, мен оған тек қана қуанар едім», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан
Қос палата депутаттары Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі, елдің әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы және сайлау туралы Конституциялық заңдарды да екінші оқылымда қарады. Бас-аяғы 25 минуттың ішінде алты маңызды құжатты мақұлдап, кей депутаттың қарсы дауыс бергеніне қарамастан Мемлекет басшысына жолдады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Алтын Орда мұрасы: әлемнің жетекші ғалымдары Астанада Қарар қабылдады