Оралды Хан тоғайы маңындағы өрттің түтіні басты

28.07.2026 10:20

Өртті сөндіруге екі тікұшақ жұмылдырылып, қаланың бірнеше ауданында күл жауып жатыр

Depositphotos

Куәгерлердің айтуынша, қалың түтін қаланың орталық бөлігін және Зачаган кентін түгелге жуық қамтыған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мой город парақшасына сілтеме жасап.

Кей жерлерде аспаннан күл түсіп, өрттің иісі алыс қашықтықтан сезіліп жатыр.

Өртті сөндіру жұмыстарына авиация тартылған. Соңғы бір сағат ішінде тілсіз жаумен күреске екі тікұшақ жұмылдырылды.

Өртті ауыздықтауға өңірдегі ауа райы да кедергі келтіруде. Батыс Қазақстан облысында өткен аптадан бері ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталуда. Бүгін таңертең күшейген екпінді жел өрттің таралу қаупін арттырған.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға қатысты ресми ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.