Уран өндірісі: Қазақстан ұлттық компанияның үлесін 75 пайыз арттырмақ

04.12.2025 19:24

Қазақстан уран өндірісінде ұлттық компанияның үлесін 75 пайызға арттыруды көздеп отыр. Бүгін Сенаторлар жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасын қарады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжат аз зерттелген аумақтарда көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша жаңа келісімшарт түрін енгізуді қарастырады. Бұл инвесторларға геологиялық зерттеулерді өз қаражаты есебінен жүргізуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, заң жобасында бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында аукциондарды жеделдетілген тәртіппен өткізу де қарастырылған.

 «Сонымен қатар, егер жер қойнауын пайдаланушы аз зерттелген учаскеде сейсмикалық жұмысты мерзімінен бұрын орындап, үш жыл ішінде қосымша бұрғылау жүргізгісі келсе, бұрғылауға қойылған тыйым алынып, қосымша барлау жасауға рұқсат етіледі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Сондай-ақ құжатта шетелдік компаниялармен уран өндіру туралы келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болатын жағдайлар да жазылған. Мәселен өндіру мерзімі ұзартылғанда немесе қор ұлғайтылғанда жергілікті уран технологияларын дамыту талаптары орындалмаса, болмаса жер қойнауын пайдаланушы ұлттық компанияның үлесін 90 пайызға дейін арттыруға кедергі келтірсе келісім тоқтайды.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан әлемдегі уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп, оның көлемін 23 мың тоннаға жеткізген. Ал жалпы елімізде 1,3 миллион тоннадан астам барланған уран қоры мен ресурстары бар.

«Заң жобасы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың акциялар пакеттерін қайта қарауды көздемейді. Құжат тек болашақта құрылатын кәсіпорындардың үлесін анықтауға арналған», – деді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов.

Оқи отырыңыз: Нұртөре Жүсіп: «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тиімсіз – қатысушылар міндеттемелерді орындамайды