Жеңіл көлік үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен
Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында қайғылы жағдай болды. Жеңіл көлік үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Салдарынан 2 мен 7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқалары да түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліпті. Белгілі болғандай, қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген. Ал біреуі Үржар ауданынан екен. Облыс әкімдігі қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін хабарлады. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі. Полицияның дерегінше, «Toyota» маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші рөлді игере алмай қалған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптамаға сәйкес, оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсетті. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров.
Дәрігерлер ауыр жарақат алған балалардың өмірі үшін күресіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үржар ауданына Қорғаныс министрлігінің С-295 ұшағымен Астанадан білікті мамандар аттанды. Арнайы бригаданың құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарынша, 3 бала стационарда ем қабылдап жатыр. Бірінің жағдайы – аса ауыр, екеуінікі – тұрақты ауыр. Дәрігерлер олардан бассүйек-ми жарақатын, ішкі ағзалары мен сүйек жүйесінің зақымдарын анықтаған. Бір балаға жедел түрде екі операция жасалыпты. Ал басқаларын Астанаға жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты Үржарға ұшып барған.
«Шамамен әрбір отамыз екі сағатқа жалғасты. Бірінші отамыз ішкі ағзаға байланысты. Яғни, бауыр, ішек зақымдалуына байланысты ішкі ағзаға қан құйылған. Соған байланысты от жасалды. Екіншісі жаратқаттан кейін бас-ми ісінген. Соған байланысты ота жасалды. Өміріне қатты қауп төніп тұр деп айтуға болады. Өйткені жарақаттары өте күрделі, өте ауыр», – деді «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейітбеков.
Оқи отырыңыз: Алматыда кибералаяқтардың әрекеті тоқтатылды