«Үш күнде МӘМС рәсімдеп береміз»: делдалдардың уәдесіне сенуге бола ма

02.08.2026 16:58

 Мамандар МӘМС мәртебесін рәсімдеу кезінде қандай деректерді жариялауға болмайтынын айтты

Аlmaty.tv

Мессенджерлердегі тұрғын үй чаттарында «МӘМС жүйесінде сақтандырылған клиент мәртебесін алуға көмектесеміз» деген хабарламалар жиі кездеседі. Делдалдар мәселені тез әрі еш қиындықсыз шешуге уәде беріп, ол үшін белгілі бір сомада ақы сұрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Жеделдік делдалдың арқасында емес

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, делдалдар қызмет көрсету жылдамдығын ұсыныстың басты артықшылығы ретінде атайды. Расында да, «МӘМС-ті үш күнде рәсімдеп береміз» деген уәде кім-кімді қызықтыратыны анық. Алайда ӘМСҚ мәліметінше, жүйеге қажетті ақпарат түсіп, өңделгеннен кейін, «сақтандырылған» мәртебесі үш жұмыс күні ішінде делдалсыз-ақ автоматты түрде беріледі.

– Заңнамада сақтандырылған мәртебесін делдалдар арқылы алу немесе оны жедел рәсімдеу қарастырылмаған. Мәртебе қор жүйесіне деректер, соның ішінде төлемдер туралы немесе азаматтың жеңілдік санатына жататыны туралы ақпарат түскеннен кейін автоматты түрде беріледі, – делінген хабарламада.

Демек, Қордың ақпараттық жүйесіне делдал кіре алмайды. Оның деректерді өзгертуге, шешім қабылдауға ықпал етуге және төлемдердің өңделу мерзімін қысқартуға ешқандай құзіреті жоқ.

Делдалдар уәде ететін «үш күн уақыт» – арнайы ақылы қызмет емес, жүйеде онсыз да қарастырылған қалыпты мерзім. Сондықтан отандастарымыз оларға төленген ақша ешқандай ерекше құқық немесе артықшылық бермейтінін ескергені жөн.

Сақтандыру мәртебесін және төлемдер туралы ақпаратты азаматтар тікелей ӘМСҚ-ға жүгіну арқылы тексере алады.

МӘМС мәртебесін өз бетімен қалай алуға болады?

Егер азамат жұмыс істемесе және жеңілдік санатына жатпаса, ол жарналарды өз бетінше төлей алады.

– 2026 жылы дербес төлеуші үшін ай сайынғы жарна мөлшері – 4 250 теңге, – деп хабарлады қор.

Сонымен қатар сақтандырылған мәртебесін алу үшін үздіксіз 12 айдың жарнасы төленуі тиіс. Мұны екі тәсілмен жасауға болады:

  • өткен кезеңдегі төленбеген айлар үшін (төлем жасалған күнге дейінгі 12 айға дейін) жарнаны өтеу;
  • дәл қазіргі сәттен бастап бірден алдағы 12 айдың жарнасын төлеу.

Сонда 2026 жылы 12 айға сақтандыру құны 51 мың теңге болады.

Алайда ескерілуі керек маңызды жайт бар. Әр ай үшін төлем жеке-жеке жүргізіледі және төлеу барысында кезең дұрыс көрсетілуі қажет.

Бұл үшін ешқандай делдал немесе тамыр-таныс қажет емес. Банктің мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банк, «Қазпошта» бөлімшелері немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы төлем жасауға болады.

Төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өңдегеннен кейін, мәліметтер ӘМСҚ жүйесіне түседі. Қажетті кезең үшін барлық төлемдер болса, «сақтандырылған» мәртебесі үш жұмыс күні ішінде автоматты түрде беріледі.

Делдалдардың қызметі заңсыз ба?

Шын мәнінде, делдал әрі кетсе кеңес бере алады. Бірақ ӘМСҚ аталған қызметке қажеттілік болмағандықтан, ондай ұсыныстардан бас тарту керектігін мәлімдеді.

Сонымен бірге, қор әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі әлгіндей хабарландыруларды бақылап отырады.

– Егер жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу, жалған мәлімет ұсыну, жеке деректерді заңсыз пайдалану немесе басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері анықталса, материалдар құқық қорғау және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады, – деп хабарлады ӘМСҚ.

Ал заң бұзушылықтың болғанын немесе болмағанын тек уәкілетті органдар ғана анықтай алады.

«ЖСН-ді берсеңіз де, SMS-код пен банк деректерін айтпаңыз»

Өзіңіз істей алатын қызмет үшін делдалға ақша төлеу ақылға қонымды іске жатпайды. Бірақ басты мәселе ол емес. Бөтен адам сізге МӘМС мәртебесін рәсімдеу үшін жеке немесе банк деректеріңізді сұрағаны қауіпті.

Жарнаны өз бетінше төлеу үшін тек ЖСН, төлем сомасын және төлем кезеңін енгізу қажет. ӘМСҚ мынадай мәліметтерді ешкімге беруге болмайтынын мәлімдеп, азаматтарға кеңес берді:

  • банк картасының деректері;
  • CVV-код;
  • парольдер;
  • SMS арқылы келетін растау кодтары;
  • ЭЦҚ кілті мен оның құпиясөзі;
  • мобильді банкингке қолжетімділік;
  • мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі аккаунттарға қолжетімділік.

Өйткені, МӘМС мәртебесін рәсімдеу үшін мұндай деректердің қажеті де жоқ, жүйе оларды енгізуді сұрамайды.

– Аталған ақпаратты бөгде адамдарға беру есепшоттағы ақшадан айырылу, жеке деректердің заңсыз пайдаланылуы және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге әкеп соғуы мүмкін, – деп ескертті ӘМСҚ.

Егер азамат делдалға ақша төлеп, алдандым деп күдіктенсе, ішкі істер органдарына жүгінгені абзал Ал банк деректерін бөгде адамға берген болса, барынша тезірек банкке хабарласуы қажет.

Сондай-ақ, әр кісі МӘМС мәртебесі мен төлемдер туралы ақпаратты мына ресурстар арқылы өз бетінше тексере алады:

Оқи отырыңыз: Алматыда 3-9 тамыз аралығында ауа райы қандай болады