Үш жыл ешкім іздемеген: Жамбыл облысында құжаты жоқ әйел аурухананы паналап жүр
Ол емдеу мекемесіне ауыр жағдайда түскен
Үш жылда артынан ешкім іздеп келмеген. Жамбыл облысындағы Қордай ауруханасын өзінің кім екенін білмейтін, ешбір құжаты жоқ, денсаулығы сыр берген әйел паналап жүр. Ауыр хәлде денсаулық сақтау мекемесінің табалдырығын аттағалы бері оның жөнін сұрап тірі жан келмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қордай ауруханасында жатқан әйелдің жағдайы кеше әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түсті. Бейнежазбадан оның мазасызданып жатқанын көруге болады. Видео авторы оның қосалқы бөлмеде жатқанын және оған медициналық көмек көрсетілмегенін мәлімдеген. Алайда денсаулық сақтау мекемесінің өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
Аты-жөні белгісіз әйел үш жылдан бері аудандық аурухананы паналап келеді. Ол емдеу мекемесіне ауыр жағдайда әрі ешқандай құжатсыз түскен. Осы уақытқа шейін медицина қызметкерлерінің қамқорлығында болған. Дәрігерлер оған барынша көмек көрсетуге тырысуда, алайда әйел есіне ештеңе түсіре алмапты. Мұндағылардың айтуынша, оның есімі Ольга Колесникова. Бірақ бұл да нақты дерек емес. Ауыр дертке шалдыққан науқас сөйлей алмайды, бір көзі ғана көреді. Дәрігерлер күні бүгінге дейін әйелге ем-домын көрсетіп, киім беріп, күтімін жасап, тамағын беріп отырған.
«Ол біздің ауруханаға ауыр хәлде, көп уақыт бұрын түсті. Кім екені, мекенжайы туралы ақпарат мүлде жоқ. Науқас қазір хирургия бөлімшесінде тиісті ем-домын қабылдап жатыр. Барынша күтім жасалуда. Барлық диагностикалық және емдеу шаралары стандартқа сай жүргізіледі», – деді Қордай аудандық орталық ауруханасы басшысының орынбасары Назгүл Тобышақова.
Ольга Колесникова шамамен 60 жаста. Осы уақыт аралығында оны Тараз бен Алматыдағы бейімдеу орталығына орналастыру мәселесі де бірнеше рет көтерілген. Бірақ әйелдің жеке басы анықталмай, бұл шаруаны жүзеге асыру мүмкін емес.
«Ұжым болып бұл кісіге барынша жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Ауруханада берілетін 3 реттік күнделікті тамақтан бөлек, өзіміз де тағақ әкеп тұрамыз. Апта сайын жуындырып, төсек-орнын ауыстырамыз. Киімдерін, жеке заттарын тазалап береміз», – деді Қордай аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің аға мейірбикесі Татьяна Тоцкая.
Көші-қон полициясы жағдайға қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде әйелдің бұған дейін шаруа қожалықтарының бірінде тұрып, жұмыс істегені анықталған. Кейбір ақпарат көздері оны Қырғызстан азаматы деп хабар таратқанымен, құқық қорғау органдары деректі растамады. Тәртіп сақшылары егде жастағы әйелді еркінен тыс ұстау немесе мәжбүрлі еңбекке тарту фактісін жоққа шығарып отыр.
«Үш жыл бұрын Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылында және шаруа қожалығының бірінде тұрған. Ол сол жерде жұмыс істеген. Әйелдің денсаулық жағдайына байланысты нақты мәлімет алу мүмкіндігі болмай тұр», – деді Қордай ауданы Көші-қон полициясының аға инспекторы Сәкен Жұмаханов.
Аурухана қабырғасын үй қылған әйелді 3 жылда ешкім іздеп келмепті. Осыдан соң дәрігерлер оны өз қамқорлығына алуға мәжбүр болған. Қазір полиция қызметкерлері науқастың жеке басын анықтап жатыр.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Гардеробтағы кептеліс: Астанада мектеп директоры жұмыстан босатылды