Үш жылдық бюджет бекітілді

30.10.2024 19:28

Келер жылы Үкімет әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық ақша жұмсайды

Мәжіліс қабырғасында еліміздің 3 жылдық бюджет құжаты қабылданды. Жиын барысында депутаттар министрлер кабинетінің бірқатар мүшесіне "тапсырмалар уақытында орындалмайды" деп шүйлігіп, бұқараның жиналып қалған базынасын жарыса жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттардың Үкімет басшысына айтары көп. Жиын басталғаны сол еді, халық қалаулылары бірінен соң бірі жарыса сауалдарын жаудырды. Алдындағы микрофонын асыға қосқандардың бірі – Ринат Зайытов. Алты алаштың ақын ұлын әлеуметтің әлі жақсармаған әлеуеті алаңдатады. Депутат елімізде Президент тапсырмасының орындалмай жатқанын дәйекпен келтірді. "Жайлы мектеп" жобасымен "400 білім ошағы салынуы керек еді, қазір олардың саны 369-ға қысқарып қалған. Елде ең төменгі жалақыны ұлғайту да тұралап тұр" дегенді алға тартты. "Қарашаға берген уәде, құр сөз қашан нақты іске айналады?" деп сауалын төтесінен қойды.

"Экономика министрінің айтуынша, қозғалыс жоқ. 2025 жылға дейін 95 пайыз жергілікті жолдардың бәрі жөнделуі керек еді. Бұл да іске асуы неғайбыл екеніне келісетін шығарсыздар. Тағысын тағы. Жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Министрлер кабинетінде сөздің бәтуасының болмауының себебі неде? Сіздің алдын алу үшін қандай жоспарыңыз бар?" – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Сауалға жауап берген Үкімет басшысы қолдан келгенше тырысып, сенім үдесінен шығуға қам жасаудамыз деп ағынан жарылды. Оның айтуынша, бюджетке 32 трлн теңгеге өтінім түскен. Ал қолда бар қаржы бұл қажеттіліктің тең жартысына ғана жететін көрінеді.

"Қолымызда бар қаражат 15 трлн теңге. Осы ақшаның шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Экономикамызды дамытып, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет, сонда бюджеттің кірісі өседі. Барлығы орындалатын болады", – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов. 

Келер жылы Үкімет әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық ақша жұмсайды. Жоспарланған қаржы білім беру мен денсаулық сақтауға бағытталады. Ұлттық экономика министрінің мәліметіне сенсек, алдағы жылдары экономиканың өсуі арқылы бюджеттің кіріс бөлігі артады. Нұрлан Байбазаров "өзгеге қол жайып, қазынаны қарызбен толтырудан біртіндеп арыламыз" дейді.

"Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 – 78,7 млрд АҚШ долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Мәжіліс қабырғасында 3 жылдық бюджет құжаты қабылданды. Үкімет алдағы 5 жылда елдегі жалпы ішкі өнім көлемін 450 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Мақсатты меженің орындалуы үшін жыл сайынғы өсу орта есеппен 5,4 пайыз деңгейінде болуы керек. Жиында депутаттарды Ұлттық қордағы қаржының жағдайы да алаңдатты. Мәжіліс мүшелерінің айтуынша, ондағы ақшаға қайта-қайта қол сала беру тиімсіз. Мәселеге алдағы уақытта талдау жасап, тағы пысықталмақ.  

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Президент G42 компаниясының басқарма төрағасын қабылдады