Ұшақ апаты: 7 науқастың жағдайы өте ауыр, оның ішінде 2 бала бар

25.12.2024 15:04

Ақтауда Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады. Қазақстанның ТЖМ мәлімдегендей, бортта 69 адам болған, оның бесеуі - экипаж мүшесі. Әзірге 2 баламен қоса санағанда, 28 жолаушының аман қалғаны айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың басым бөлігінің жағдайы өте ауыр. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Ақтауға Астанадан санитарлық авиация жіберіліп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетін болды. Сондай-ақ, вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басқаруымен мемлекеттік комиссия құрылады. Айта кетейік, Әзірбайжандық авиакомпания ұшақ бортында болған азаматтардың тізімін де жариялап үлгерді. Ресми мәліметте, олардың 16-сы Ресей, 37-сі Әзірбайжан мен үшеуінің Қырғызстан азаматы екені анықталды. Тағы 6 жолаушы қазақстандық.

"Үшінші ранг бойынша Маңғыстау облыстық ТЖД барлық техникалары оқиға орнына келді және апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмыстарын жасауда. Жолаушылардың тізімі нақтылануда", – деді ТЖД ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ бортында баллон жарылған деп ақпар таратты. Дегенмен, әзірге бұл туралы ресми мәлімдеме болған жоқ. Ал полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.

"7 науқастың жағдайы өте ауыр, оның ішінде 2 бала бар. Барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жедел медициналық көмектің барлық құрамы жұмылдырылған", – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекбол Ізбасаров.

Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: оқиға орнына 14 жедел жәрдем бригадасы шығып, республикалық штаб құрылды