Президент ұстаздардың еңбегі ең жоғары құрметке лайық екенін айтып, олардың жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқара беретініне сенім білдірді
Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қоғамдағы орны мен миссиясы туралы айта келе, білім мен ғылымның ел дамуы үшін шешуші рөлін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалап, олардың жас буынға беріп жатқан білімінің маңызын ерекше атап өтті.
Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатырсыздар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ұстаздардың еңбегі ең жоғары құрметке лайық екенін айтып, олардың жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқара беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бір топ педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.
Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
Баршаңызға құтты болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деп түйіндеді сөзін Президент.
Оқи отырыңыз: Соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті - Президент