Үздік пост, үздік пікір: Алматыда дін тақырыбына арналған байқау мәресіне жетті

29.10.2025 16:57

Байқаудың жүлде қоры 3,5 млн теңге болды

Алматыда дін саласындағы үздік материалдарға арналған байқау аяқталды. Бес жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан конкурс қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сайысқа қатысушылар әлеуметтік желідегі үздік тақырыптық пост, үздік пікір, үздік мотивациялық сөз және үндеу сынды 7 бағыт бойынша бақ сынады. Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры 3,5 миллион теңге болды. Оған 16 жастан асқан шаһардың кез келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алған еді.  

«Бұл байқау жыл сайын өткізіліп келеді және өз нәтижесін көрсетіп отыр. Болашақта осы материалдарды діни экстремизм мен терроризмге қарсы контрпропагандалық құрал ретінде пайдаланып, әлеуметтік желілерге жариялап, қарсы бағытта насихаттау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлы.

Аталған сайыс биыл ақпан айында басталған еді. Ал бүгін қорытындыланып, жүзден жүйрік шыққан 7 адам марапатталды. Одан бөлек, жүлделі орындарға ілінбеген қатысушылар да ұйымдастырушылардан алғысхат алып, қаржылай сыйлық иеленді.

Айта кетейік, биыл байқауға қатысуға 200-ден астам адам ынта білдірген.

Оқи отырыңыз: Иса Байзақовтың 125 жылдығы: Алматыда музыкалық байқау өтті