Алматы қаласында ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылауға арналған бес биік таулы бақылау бекеті жұмысын бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бақылау бекеттері Үлкен Алматы өзені алабындағы №13-бис және №10 көлдерде, Ақсай өзені алабындағы №8 және №9–10 көлдерде, сондай-ақ «Күмбел» гидробекетінің жоғарғы бөлігінде орналастырылды.
Маусымдық бақылау бекеттері гидрологиялық жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, көлдердің жай-күйіндегі ықтимал өзгерістерді дер кезінде анықтауға және қауіп туындаған жағдайда жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Мұздақ көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізу сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады. Бұған дейін осындай биік таулы бақылау бекеттері Алматы облысында да ашылған болатын. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұздақ көлдердің жарылу қаупіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.