RAMS Qazaqstan – еліміздің құрылыс нарығында ойып тұрып орын алған жетекші компаниялардың бірі
Алматыда еліміздегі ең биік ғимараттардың бірі бой көтермек. Ол 310 метр биіктікте Қазақстан бойынша төртінші, ал мегаполис деңгейінде алғашқы орынға шығады. Бұл туралы RAMS Beyond Almaty жобасының таныстырылымында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шара барысында кешеннің архитектуралық шешімдері, қауіпсіздік талаптары және заманауи технологиялар негізінде жасалған инженерлік ерекшеліктері талқыланды. Жобаның ресми бренд амбассадоры ретінде танымал түрік актері Бурак Озчивит арнайы қатысып, RAMS бренді мен мегополис үшін бұл кешеннің символдық маңызын атап өтті.
RAMS Beyond – жалпы ауданы 50 мың шаршы метр болатын ірі жобалардың бірі. Ол қаланың іскерлік белдеуінде Тимирязев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасады. Жоба «бәрі бір жерде» қағидасына негізделген. Мұнда тұрғын үйлермен қатар, бес жұлдызды қонақүй, халықаралық брендтерге арналған сауда аймақтары, музей, спорт кешені сынды нысандар бір кеңістікте шоғырланады.
«RAMS Beyond жобасын бастамас бұрын Алматының табиғи және инженерлік ерекшеліктерін мұқият зерттедік. Бұл – сейсмикалық аймақ. Сондықтан біз LERA, RWDI сынды әлемдік компанияларды тартып отырмыз. Олар ең биік әрі күрделі жобаларды жүзеге асырған тәжірибелі серіктестер. Біз үшін басты талап – адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы», – деді құрылыс жобасының координаторы Харун Решит Кутлуай.
Презентация барысында БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар да қойылды. Онда жобаның техникалық мүмкіндіктерінен бастап, экологиялық және көлік инфрақұрылымына дейінгі мәселелер қамтылды. Жауаптылардың айтуынша, кешеннің әрбір шешімі халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларға негізделген. Мәселен күн энергиясын пайдалану, жаңбыр суын қайта өңдеу, Face ID жүйесі мен 24/7 бейнебақылау жүйесі енгізілмек.
«Алматыны ерекше жақсы көремін. Бұл жоба – заманауи архитектура мен қаланың тарихи келбетін үйлестіретін маңызды бастама. RAMS Beyond адамдардың күнделікті өміріне жайлылық пен сапа әкелетін орта. Мұндай жобаның бір бөлшегі болу – мен үшін мақтаныш», – деді RAMS Global компаниясының брендтік амбассадоры Бурак Озчивит.
RAMS Qazaqstan – еліміздің құрылыс нарығында ойып тұрып орын алған жетекші компаниялардың бірі. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания Алматы қаласында 60-тан астам ауқымды жобаны жүзеге асырып, 20 мың пәтер мен 4 миллион шаршы метр жылжымайтын мүлікті халық игілігіне ұсынды. Ал RAMS Beyond Almaty – ең ауқымды әрі амбициялы жоба болмақ.
Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков