Шараға қала мектептерінен құралған 10 команда қатысты
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығының бастамасымен «Taza Qala» экологиялық жобасы аясында 8-сынып оқушылары арасында командалық ойын түрінде экологиялық квест өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаның мақсаты – қоғамда тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарды табиғатты қорғау бастамаларына тарту, жас ұрпақтың табиғатқа ұқыпты көзқарасын тәрбиелеу және күнделікті өмірде экологиялық дағдыларды енгізуге ықпал ету болды.
Шараға қала мектептерінен құралған 10 команда (әрқайсысы 5 оқушыдан) қатысты. Олар квест алаңында экологиялық тапсырмаларды орындап, табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау, энергияны үнемдеу және экологиялық өмір салты тақырыптары бойынша білімдерін көрсетті.
Ойын түрінде ұйымдастырылған кезеңдерде оқушылар топтық жұмыс, логикалық ойлау және көшбасшылық дағдыларын жүзеге асырды. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, экологиялық сыйлықтармен марапатталды.
«Taza Qala» экологиялық квесті жас ұрпақтың табиғатқа жанашырлық сезімін арттыруға, күнделікті өмірде экологиялық дағдыларды қалыптастыруға және жауапты азамат болып өсуіне ықпал еткен маңызды бастама болды.
Оқи отырыңыз: Алматыда ашық аспан астында опера мен балет жауһарлары шырқалады