Заң мен тәртіп: Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті

02.04.2026 11:10

Шараға Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келген қосымша күштер жұмылдырылды

Polisia.kz

Алматыда полицияның кешенді және тартылған күштерінің бірыңғай гарнизондық таратылымы өтті. Бұл аймақтық ауқымды «Құқық бұзушылыққа тоқтау» жедел-профилактикалық іс-шарасының басталғанын білдіреді, - деп хабарлайды Almaty.tv мегаполистің Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келген қосымша күштер қатысуда. Бұл күшейту шаралары құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігін арттыруға, қоғамдық тәртіпті және мегаполистегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов барлық бөліністердің үйлесімді іс-қимылы мен заңдылықтың қатаң сақталуының маңыздылығын атап өтті.

— Полицияның әрбір іс-әрекеті заңды, ашық және кәсіби болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау, — деді Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов.

Операция барысында құқық бұзушылықтың алдын алуға, арандатушылықтарға жол бермеуге және қоғамдық тәртіптің кез келген бұзылуына жедел әрекет етуге ерекше назар аударылады. Гарнизондық таратылым барлық жұмылдырылған күштерді үйлестірудің, тәртіпті нығайтудың және күшейтілген қызмет көрсету режимінде қойылған міндеттерді орындауға дайындықтың маңызды кезеңі болды.

«Құқық бұзушылыққа тоқтау» іс-шарасын өткізу криминогендік ахуалды сауықтыруға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы