Алматыда оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды

19.12.2024 16:02

Ас мәзірін тексерген сарапшылар тағамдардың сапасы әрдайым бақылауда болатынын айтты

Алматыда оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды. Биыл қала билігі шаһардағы 4-сыныпқа дейінгі және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды ыстық аспен қамту үшін 16,8 миллиард теңге жұмсаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал келесі жылы бұл мақсатта бюджеттен 18,2 миллиард теңге бөлу жоспарланыпты. Бұл жөнінде қалалық Қоғамдық кеңес өкілдері мәлімдеді. №211 мектепте жиын өткізген кеңес мүшелері білім ордасын аралап қана қоймай, асхананың жай-күйімен танысты. Ас мәзірін тексерген сарапшылар тағамдардың сапасы әрдайым бақылауда болатынын айтты.

"Біз асханадағы санитарлық талаптарға ерекше мән береміз. Балаларға берілетін тағамдарда ғылыми қауымдастықтар ұсынған нормалардың сақталуын жіті бақылауда ұстаймыз. Осы мақсатта қаладағы барлық мектепте бірыңғай ас мәзірі даярланды. Ол тағамдарда ақуыздың, майлардың және көмірсулардың жеткілікті мөлшерде болуы шарт. Өйткені өсіп келе жатқан жас ағза үшін дұрыс тамақтану өте маңызды", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Айта кетейік, асханалардағы санитарлық талаптарды және ас мәзірін тексеру жұмыстары «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында жүзеге асып келеді. Сондай-ақ бастама мектептерде қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесіне де басымдық береді. Мықтап қолға алынған бұл шаруалардың арқасында қазір шаһардағы бірқатар білім ошақтарында күзет қызметі күшейіп, ақылды бейнебақылау жүйелері орнатылған. Жылды қорытындылаған комиссия құрамы мен ведомство басшылары алдағы уақытта мұндай мониторингтің жалғаса беретінін жеткізді.

"Балалардың ас мәзірлерін жаңадан қарастыру комиссия құрылып, талқыланды. Ол кешегі күнге дейін сайтта тұрды, талқылауда болды. Енді бұл нормативтік-құқықтық актілерге ұсыныс енгіземіз. Отандық өнімдерге көп көңіл бөлеміз. Санитарлық нормалар мен талаптардың ішінде ас мәзірінде өзіміздің қуырдақ, бешбармақ қарастырылған", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.

Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: Алматы экономикасы тұрақты дамып келеді