Қылмысын жасыру үшін қаскүнемдер кәмелетке толмаған баланың денесін далаға көмген
Кәмелетке толмаған баланы алдын ала сөз байласу арқылы зорлағаны және оны өлтіруді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Күдікті 2008 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған баланы зорлаған. Айыпталушы жазадан қорқып, таныстарымен бір топ адам болып әрекет етіп, кәмелетке толмаған баланы күштеп көлікке отырғызып, ауылдық аймаққа алып кеткен. Жол бойында сыбайластардың бірі бұрын адам өлтіргені үшін сотталған тұлға бола тұра, жәбірленушінің мойнын ұстап, оны тұншықтырып өлтірген», — делінген хабарламада.
Қылмысын жасыру үшін қаскүнемдер кәмелетке толмаған баланың денесін далаға көмген.
Мәлім болғандай, кәмелетке толмаған баланы зорлап, оны өлтіріп, жазадан жалтарып үлгерген ол 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болды. Жанында бірге болған кісі өліміне қатысы бар тұлғалар да жазасын алған.
«Өткен жылғы қыркүйекте ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған», — деп хабарлады прокуратурадан.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Оған он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шұжық пен ет өнімдерінің экспорты өсті