Заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау жүйесін енгізу жоспарлануда
Қазақстанда абоненттер ресми ұйымдардан келетін қоңырауларды күмәнді қоңыраулардан оңай ажырата алатын болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, — деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі уақытта Мәжілісте телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Құжат байланыс инфрақұрылымын қорғауды күшейтуге және байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттерге қарсы күреске бағытталған.
Ұсынылып отырған нормалардың бірі – заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау жүйесін енгізу. Бұл тетік азаматтарға ресми компаниялардан түсетін қоңырауларды анықтауға және күмәнді қоңыраулардан ажыратуға мүмкіндік береді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа бастама азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Жусан аллергиясынан құтқаратын отандық вакцина: Қазақстанда жаңа препарат сыналуда