Елде 4 мың шақырымнан астам автожол жөнделіп жатыр

13.10.2026 09:16

Барлық жұмыс белгіленген мерзім мен сапа талабына сәйкес жүргізіліп жатыр

Министерство транспорта РК

Қазақстанда республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру жалғасуда. 2026 жылы 4 мың шақырымнан астам автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл соңына дейін 2 мың шақырымнан астам жолда орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау және күрделі жөндеуден өткен 97 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырымнан асатын 124 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1,2 мың шақырымнан астам жолда жол төсемінің негізі дайындалып, 1,8 мың шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты және 2,2 мың шақырымға жоғарғы қабаты төселді.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 343 шақырым болатын автомобиль жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары барлығы 60 нысанды қамтиды. Оның ішінде 29 нысанда жобаларды іске асыру жалғасып, 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 нысандағы жалпы ұзындығы 97 шақырым жолды жөндеуден өткізіп, пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, республикалық жол желісін одан әрі жаңғыртуға бағытталған жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жол жабынының жай-күйін жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және еліміздің өңірлері арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық жұмыс белгіленген мерзім мен сапа талабына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл ретте жол жөндеу технологияларының сақталуына және автомобиль жолдарының тиісті деңгейде күтіп ұсталуына ерекше назар аударылуда.

Толық көрсету