Мұғалімдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге алғыс білдіруге және олардың еңбегін ұлықтауға бағытталған «Ұстазым, менің ұстазым!» республикалық акциясын бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл бастама 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында елдің барлық өңірлерінде өтетін «Ұстаз – ұлттың шырағы» іс-шаралары аясында жүзеге асырылады. Бұл кезеңде білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және мұғалім кәсібін дәріптеуге бағытталған мерекелік, ағартушылық және тақырыптық іс-шаралар жоспарланған.
Бүгінде Қазақстанның 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Олардың күнделікті еңбегі білім сапасын қамтамасыз етуде, өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде және елдің адам капиталын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Акция аясында әрбір азамат өзінің мұғалімі немесе тәлімгері туралы айтып, естеліктерімен бөлісе алады және оған алғыс сөздерін білдіре алады.
Қатысушылар әлеуметтік желілерде #ҰстазымМеніңҰстазым хэштегімен өз мұғалімі туралы фото, видео немесе хикая жариялай алады, хат немесе ашықхат жолдай алады, сондай-ақ шынайы ризашылығын жеке өзі білдіре алады.
Министрлік оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды, жұртшылық өкілдерін және барша қазақстандықтарды акцияға қосылуға және өмірлерінде өшпес із қалдырған ұстаздары туралы естеліктермен бөлісуге шақырады.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Кәсіби мереке аясында елдің барлық өңірлерінде педагогтердің, білім беру саласы ардагерлерінің, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен салтанатты іс-шаралар өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету кезінде тұрғындардың ұсынысы ескерілді