Құрылыс нысандары пайдалануға берілмес бұрын қолжетімділік талаптарына сәйкестігі тексеріледі

13.10.2026 10:01
Depositphotos.com

2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттеріне пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін растау үшін 562 өтініш түскен. Оның 147-сі бойынша сәйкестік декларациясы келісілген. Бұл – барлық өтініштің 26%-ы. Ал 259 өтінішке, яғни 46%-ына келісім берілмеген. Қалған өтініштер әлі қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.

Келісім берілмеуінің негізгі себептерінің бірі нысандардың құрылыс нормалары мен ережелерінде белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкес келмеуі. Мысалы, кейбір пандустарда тұтқалар жоқ немесе олар дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ ғимараттардың да есіктері тар. Мұндай кемшіліктер азаматтардың ғимаратқа қауіпсіз кіріп-шығуына және ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіреді.

Сонымен қатар өтініштердің бір бөлігі декларацияны қолжетімділік талаптары бойынша келісу міндетті емес нысандарға да қатысты түскен.

Биыл 1 шілдеден бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін зерделейді. Сондай-ақ нысанның талаптарға сәйкестігі туралы декларацияларды келіседі. Аталған міндет Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты енгізілді.

Декларацияны қарау кезінде аумақтық департаменттер азаматтардың ғимаратқа кіріп-шығуына және оның ішінде қозғалуына қажетті жағдайлардың жасалғанын тексереді. Бұл ретте олардың келісімі тек нысанның қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне қатысты беріледі.

Толық көрсету