Биыл орталықта шамамен 140 сәби дүние есігін ашқан
Алматыда жаңа жыл түнінде 17 сәби дүние есігін ашты. Ал қалалық перинаталдық орталықта салмағы 6 келіге жуық нәресте өмірге келді. Дәрігерлер сәбидің анасына кесарь тілігі арқылы ота жасалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
33 жастағы алматылық Анар Жахина – нағыз батыр ана. Бірер күн бұрын дүниеге келген нәресте Мухаммадтың салмағы 5 келі 800 граммнан асса, бойы – 60 сантиметр. Көпбалалы ана отбасындағы сәбилердің бәрінің ірі болып туылғанын айтады. Бөбегін бауырына басып, үйіне қайтатын күнді асыға күтіп отыр.
"Бұл - бесінші балам, 1 қыз, 4 ұлым бар. Жоспарлы ота жасалды. Салмағы 5кг 810, бойы 60 см", – деді қала тұрғыны Анар Жахина.
Жыл сайын перинаталдық орталықта 9 мыңнан астам нәресте дүниеге келсе, оның тек 10-ы ірі салмақта туылады. 10 жылдан астам тәжірибесі бар акушер Тойдық Рахметова әр сәбиді еске алып отырады.. Маманның сөзінше, операцияны жоспарлап, уақытылы тексеруден өтудің арқасында әр ана қауіпсіз босанып, тез оңалып кете алады.
"Қабылдау бөлімінде баланың салмағы 5500 грамм деп болжам жасалды. Жоспарлы операцияға дайындадық. Анардың бірінші ірі баласы емес, бұл - бесінші баласы. Алдынғы балаларын 4900, 4600 грамм салмақпен босанған. Ал осы ерекше салмақты алып бала болды. Қазір жағдайы жақсы", – деді қалалық перинаталдық орталықтың дәрігері, акушер-гинеколог Тойдық Рахметова.
Жыл басталғалы орталықта шамамен 140 сәби дүние есігін ашқан. Ал қала бойынша жаңа жыл түнінде 17 нәресте өмірге келді. Олардың 9-ы қыз және 11-і ұл бала.
Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында алып сәби дүниеге келді