Сонымен қатар 26 мыңнан астам үйді аралау жұмыстары жүргізіліп, 45 мыңнан астам адам қамтылды
Солтүстік Қазақстан облысында өрт саны екі еседен астам азайды. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.
2025 жылы азаматтық қорғау күштерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінсе, биыл тағы 1,5 млрд теңге қарастырылған. Өрт сөндіру көліктері, жол талғамайтын арнайы техникалар, катерлер, аэроқайықтар, байланыс құралдары, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен тепловизорлар сатып алынды.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 2025 жылы 8 өрт сөндіру бекеті құрылса, биыл тағы 14 бекет ашылды. Жыл соңына дейін қосымша 17 бекет ашу жоспарланып отыр. Бұл халық саны шамамен 45 мың адам болатын 135 ауылды өрт қауіпсіздігімен қамтуға мүмкіндік береді.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтардың 5 мыңнан астам тұрғын үйі есепке алынды. Бүгінде олардың барлығы автономды өрт датчиктерімен толық жабдықталған»,
— деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар 26 мыңнан астам үйді аралау жұмыстары жүргізіліп, 45 мыңнан астам адам қамтылды.
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде тұрғын үй секторындағы өрт саны екі еседен астам азайды. Жылыту маусымы басталғалы бері 23 өрт тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 51 болған; адам өлімі мен жарақат алу жағдайларына жол берілген жоқ.