Қарғын су: еліміздегі зардап шеккен аймақта неше тұрғын үй салынды

Almaty.tv
Almaty.tv

Төтенше жағдайлар министрі 20 өңірге 20 әуе отрядын алуды жоспарлап отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде су тасқынынан кейін жарамсыз болып қалған баспаналардың орнына 2,5 мыңнан аса үй тұрғызылып, қолданысқа берілген. Бұдан бөлек, 5 мың 767 пәтер сатып алынған. Үкіметте көктемде болған қарғын судан кейінгі жағдай сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көктемдегі су тасқыны кезінде құтқарушылар апат аймағына темір жолмен, пойыз арқылы жеткен. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «елде табиғи апат болғанда инженерлік техника мен әуе көлігінің жетіспеушілігі қатты сезілді» дейді. Техниканың басым бөлігі сапасыз әрі ұзақ мерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болған. Ведомство басшысы 20 өңірге 20 әуе отрядын алуды жоспарлап отыр. Сөзіне сенсек, тәуелсіздік алғалы құтқарушыларға алғаш рет ұшақ сатып алынады.

"Жоспар бойынша лизинг арқылы 3 МИ-8 АМТ  және 4 К-32 тікұшағын алмыз. Тәуелсіздік алғалы рет ұшақ алып жатырмыз. Батыс, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстікке өңірге Л410 Чехияның ұшағы қызмет ететін болады", – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Бүкіл жұртты әбігерге түсірген апаттан кейін Төтенше жағдайлар, Экология, Су ресурстары және Цифрлық даму министрліктері бірігіп, тасқынды болжау және модельдеу жүйесін пилоттық режімде іске қоспақшы. Аталған жоба 1 желтоқсанда тестілеуден өтеді. Су ресурстары министрлігінде арнайы ақпараттық талдау орталығы құрылған. Барлық деректер сол жерге жинақталады.

"Қазгидромет" берген мәлімет ақпараттық жүйеге енгізіледі. Министрлік тарапынан "Қазсушар" мекемесі бар, оның филиалдары әр облыста мәлімет береді. Үшінші "Қазақстан ғарыш сапарынан" да ақпарат алынады,  Сосын осы барлығы жинақталады," – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жаңа үйлерді 5 айдың ішінде салып беруді тапсырған. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 2 мың 576 үйді 4 айдың ішінде қолданысқа беріп тастадық деп ауыз толтырып айтты. Ақмола облысында 38 және Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы жуырда аяқталып, 1 қазанда тапсырылады. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бүкіл құрылысшыларға алғыс айтып, ағынан жарылды.

"Ыстыққа, суыққа қарамастан үй салып жүрген адамдарға алғысымды білдіремін. Қазақстанда ешқашан  2600 баспана салынбаған", – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Ал Батыс Қазақстандағы Сырым ауданында жерасты суларының көтерілуі салдарынан 38 саман үй жарамсыз болып қалған. Бұны жергілікті комиссия тамыздың соңында анықтаған. Осыған байланысты жаңа үй салу шешімі шығарылған. Ол баспаналар 15 қазанға дейін тұрғызылады.

Айта кетейін, тасқыннан қорасы қираған шаруалардың өтініші келесі жылдың 1 сәуіріне дейін қаралады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

 

 

Новости партнеров