Шалқарлықтар ауыз суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр
"Тіршілік нәрінен тарығып отырмыз". Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылының жұрты ауыз судың зардабын көріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Он үш жылдан бері қордаланған мәселенің түйіні тарқамай келеді. Шалқарлықтар «құбырдан шұбалаңдаған құрт шыққалы шырқымыз бұзылды» дейді. Таза судан таршылық көрген ауылдағы ағайынның сөзінше, мұндағы су жүйесі жекеменшік компанияға тиесілі.
"Ағып жатқан судан бірнеше сантиметрлік жіңішке құрт, балшық, шөп, құмырсқа шығады. Бізге ауыз су керек. Мына суды іше алмай отырмыз", – деді Шалқар ауылының тұрғыны Гүлнәр Құбашева.
Шалқарлықтар ауыз суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Олар айлығы шайлығынан артылмай отырғанда қалтаға салмақ түсетінін алға тартты. Бес литр құтыдағы судың бағасы кем дегенде 400 теңгеден басталады.
"Нан аламыз ба, әлде суымызды сатып аламыз ба? Бүйрек, бауыр ауруға шалдықты. Бәрінде немере, кішкентай қызы бар, олардың организмі не боп жатыр? Таза су керек", – деді Шалқар ауылының тұрғыны Тұмаркүл Бектаева
Ал ауылдық округ әкімі мәселенің барын жасырмады. Оның сөзінше, мұндағы су құбырларының тозығы жеткен. Сондықтан апаттық жағдайлар жиі болып, тұрғындар сусыз қалады.
"Ауыз су жүйесіне жауапты мекемемен бірге келіп, ақауларды жөндеу мәселесіне қатысты халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіздік", – деді Жандосов ауылдық округінің әкімі Алмас Жамбауов
Ал Қарасай ауданынан ат басын арнайы бұрған ақжағалы мәселені келер жылы түбегейлі шешіп береміз деп сендірді. Айтуынша, жобалық-сметалық құжаттары былтырдан бері әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.
"Жобада Шалқар ауылының екі 500 кубтық су резервуары, екі скважина қарастырылған. Шалқар ауылы бойынша 45 шақырым су құбыры қарастырылған. Қазіргі таңда бюджеттік өтінім беріліп, қаржыландыру күтілуде", – деді Қарасай ауданы ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрбол Жүнісбек.
Сондай-ақ жауаптылар жобаға қаражат бөлініп, жоспардағы жұмыс сәтті іске асса, ауылдық округтегі су желісі мемлекет меншігіне өтетінін жеткізді.
Айта кетейік, Шалқар ауылында бес жарым мың тұрғын бар.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Айна құлап, жарақат алды: Алматыдағы фотостудиялардың бірінен төрт жастағы қыз аурухана жеткізілді