Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеретін білім бәйгеде 35 алматылық қатысып, бақ сынайды
«WorldSkills Kazakhstan–2026» республикалық чемпионатына дайындық қызу. Бүгінде Алматыдағы колледж студенттерді «Сандық бағдарламалық басқару станоктарындағы фрезерлік жұмыстар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар желілерінің инфрақұрылымы» және «Бастауыш сыныптарда оқыту» сынды құзыреттер бойынша даярлауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екінші курс студенті Максим Нехайчик - өңірлік кезең жүлдегері. Бүгінде ол республикалық білім додасына жолдама алып, дайындығын пысықтауда. Алдағы байқауда маршруттауды баптау мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесін іс жүзінде көрсетпек.
«Мен чемпионатқа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар желілерінің инфрақұрылымы құзыреті бойынша қатысамын. Бұл бағыт тек білімді ғана емес, практикалық тәжірибені де талап етеді. Өңірлік кезең маған сенімділік берді, енді республикалық деңгейде одан да жоғары нәтиже көрсетуге дайындалып жатырмын», деді Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің студенті Максим Нехайчик.
WorldSkills - жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеретін білім бәйгесі. Биыл оған 35 алматылық қатысып, бақ сынайды.
«Қазіргі таңда ұлттық чемпионатқа дайындалып жатырмыз. Дайындық өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Оқытушылар тарапынан әдіскерлік қолдау жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Оқытушыларыма, отбасыма және менің жетекшіме алғысымды білдіремін», деді № 1 Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжінің студенті Қарақат Төлеубай.
Айта кетейік, аталмыш байқау жыл сайын ұйымдастырылады. Сәйкесінше, жылдан жылға қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдіргендер саны артыпты. Мәселен, биыл додада 57 мамандық бойынша 470 студент өзара бақ сынап, кәсіби шеберлігін көрсеткен. Ұйымдастырушылар бұл байқау жас мамандар үшін болашақ жұмыс берушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп отыр.
«WorldSkills чемпионатын өткізу мақсатымыз біріншіден жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында. Екіншіден студенттерге үлкен мүмкіндік. Өздерінің алған білімдерін, тәжірбиелерін, біліктілігін осы чемпионат арқылы көрсете алады. +++ Халықаралық чемпионатқа биыл Шанхайға 3 студентіміз отборочный турдан өтіп, қыркүйек айында болатын чемпионатқа дайындалып, жеңімпаз болып отыр», деді Білім басқармасы стратегия және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев.
Қалада техникалық және кәсіптік білім беру алдыңғы қатарда. Мамандардың сөзінше, дәл осы салалар бойынша білім алған түлектердің 97 пайызы екі қолға бір күрек табады.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Кәсіпкер құқығын қорғау: Алматыда 4,9 миллиард теңге өндірілді