Ыдыс жуатын ысқышты қанша уақыт сайын ауыстыру керек
Отбасы денсаулығын қорғайтын қарапайым әдеттер
Күнделікті ас үйде қолданатын қарапайым ыдыс жуатын ысқышта көптеген бактерия жиналуы мүмкін. Ылғалдың, тағам қалдықтарының және дұрыс күтім жасалмауының салдарынан ысқышта микроорганизмдер тез көбейеді. Ал уақытылы ауыстырылмаған ысқыш бактериялардың ас үй беттері мен ыдыстарға таралуына себеп болуы ықтимал.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өзіңізді және отбасыңызды қауіпсіздендіру үшін келесі қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:
- Ысқышты жүйелі ауыстырыңыз: Ыдыс жууға арналған ысқышты шамамен әр 1–2 апта сайын жаңасына ауыстырып отырыңыз. Егер жағымсыз иіс пайда болса немесе ол бүлінсе, мерзімін күтпей бірден алмастырыңыз.
- Қолданған соң тазалап, шайыңыз: Әр пайдаланғаннан кейін ысқышты тағам қалдықтарынан мұқият тазартып, жақсылап шайыңыз.
- Дұрыс құрғатып, сақтаңыз: Ысқышты жақсылап сығып, құрғақ әрі жақсы желдетілетін жерде сақтаңыз.
- Суға немесе ерітіндіге қалдырмаңыз: Ысқышты ұзақ уақыт суға немесе жуғыш ерітіндіге салып қоймаңыз.
- Мақсатына қарай бөлек қолданыңыз: Ыдыс жууға және ас үй беттерін тазартуға арналған ысқыштарды бір-біріне араластырмай, бөлек пайдаланыңыз.
- Сақтау орны мен раковинаны тазалаңыз: Ас үй раковинасын және ысқыш сақталатын орынды үнемі тазалап, залалсыздандырыңыз.
- Жеке гигиенаны сақтаңыз: Ластанған ысқышпен жұмыс істегеннен кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз.
Ас үйдегі тазалық қарапайым әдеттерден басталады. Ысқышты уақытылы ауыстыру және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау зиянды микроорганизмдердің таралу қаупін азайтып, отбасыңыздың денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Миды тынықтыруға көмектесетін қарапайым әдістер қандай