Тергеу кезінде жиналған қаражат сақталған криптоәмияндар да анықталды
Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам 5 жылға сотталды. Қаржылық мониторинг агенттігі «Warner Bros» атауын заңсыз пайдаланған схемаға қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, күдіктілер сенім ұялату үшін жобаға еш қатысы жоқ әйгілі Голливуд компаниясының атын қолданған. Ал қатысушыларға фильмдердің трейлерін көру және жаңа салымшылар тарту арқылы табыс табуға болады деп уәде етілген екен.
Пирамида 9 деңгейден тұрған, орташа салым көлемі - 225 мың теңге. Тергеу кезінде жиналған қаражат сақталған криптоәмияндар да анықталыпты.
«Схеманы ілгерілету үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді қолданылған. Администраторлар арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізіп, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан, жылдам табыс пен криптовалюта түрінде сыйақы уәде еткен. Сот санкциясымен жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Сот үкімімен ұйымдастырушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот 40 жәбірленушінің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, олардың залалы тыйым салынған криптоактивтер есебінен өтелетін болды», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмысшылар өлімі: екі күдікті қамауға алынды