Даулы жағдай бойынша полиция тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады
Қарағандыда балаларға тарақан қосылған түскі ас берілген. Оқиға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Науқастардың сөзінше, жәндіктер өріп жүрген күрішті бірнеше пациент байқап, бірден дабыл қаққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv
Теміртау қаласының тұрғыны Гүлбақыт Күлмаханова үш жастағы баласымен стационарда ем қабылдаған. Бірақ күн райы күрт құбылып, көктайғақ салдарынан Қарағандыда тұратын туыстары ас-ауқат әкеле алмапты. Амалсыздан ауруханадағы түскі асты тұтынуды ұйғарады. Алайда күріштегі жыбырлаған жәндіктерді көргенде жиіркеніштен тәбеті қашып кеткен.
«Ішінде жәндіктер жүрді. Баламыз аш, күрішке қарап «мама тамақ берші» деп қолын созады. Айттық, кешірім де сұраған жоқ. Сол жерде істейтін аспаз «бұл жаңа дезинфекцияланған тарақандар ештеңе болмайды» дейді. Жеп көрсетіңіз дегенімізде, жемедң», – деді Теміртау қаласының тұрғыны Гүлбақыт Күлмаханова.
Назкен Құдайбергенова да бір жастағы сәбиін құрт-қоңыз өріп жүрген күрішпен тамақтандырғанына қатты налиды. Келіншек астағы жәндіктерді тек ауқаттанып болғаннан кейін байқапты. Ол қара дақтардың дәмдеуіш емес екенін анық байқаған.
«Мен әуелі баланы тамақтандырдым. Содан кейін күрішті өзім де жедім. Қоңыздарды көргенде қатты жиіркеніп, шошып кеттім. Олар тамақты ауыстырамыз деді. Мұндай әрекетті қалай түсінге болады?» – деді Теміртау қаласының тұрғыны Назкен Құдайбергенова.
Науқастардың наразылығынан кейін түскі ас ауыстырылыпты. Әйтсе де ашынған аналар полицияға хабарласып, арыз жазған. Тағамдарға қатысты шағым шаш етектен деп отыр. Сорпасы сылдыр су, еті аз, тамақтың мөлшері шағын. Десе де аналар «мәселе астың дәмінде емес, қауіпсіздігінде» дейді.
«Тексеру жүргізілді. Тамақтану партиясы толық ауыстырылды. Деректі тексеру және шара қабылдау үшін жауапты қызметке ақпарат жолданды. Науқастардың тамақтану сапасы мен қауіпсіздігі — аурухана жұмысының басым бағыттарының бірі», – деді Қарағанды облыстық клиникалық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Люция Гомель.
Ата-аналар ауруханадағы тағамды түгелдей тексеруді талап етіп отыр. Онсыз да жұқпалы аурулармен сырқаттанатын балалардың денсаулығы үшін бұл аса маңызды. Ал аталған даулы жағдай бойынша полиция тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Жалған интимдік фото мен видеолар жасаған: Ұлытау облысында күдікті ұсталды