Бірнеше жылға созылған инженерлік желі жұмысы аяқталмай, Наурыз көшесінің тұрғындары тротуарға жете алмайды
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында жаяу жүргіншілер жолы жетіспейді. Көше бойындағы тротуардың жоқтығынан мектеп оқушылары өмірін қауіпке тігіп жолдың жиегімен жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Сәтбаев қаласындағы ұзындығы 2,5 шақырым болатын Наурыз көшесі. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол болмағандықтан, жұрт көлік жолының жиегімен жүруге мәжбүр. Әсіресе ауа қолайсыз уақытта жаяу жүру қиындай түседі екен. Өйткені, жауын жауса жол жиегі батпақ болып аяқ бастырмай қалады.
«Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз, көшеде жол жоқ, жаңбыр жауса екі жағы балшық болып қалады. Балалар шаң-шаң, топырақ болып мектепке барып жатыр Бқл – үлкен жолдың бірі. Ойлы-қырлы, машина көп жүреді, адам жүретін жол жоқ», – деді қала тұрғыны Дүйсенбек Акешов.
«Арғы бетте бұрын тротуар бар болатын. Кейін жылу құбырын тартқан кезде бұзып тастады, қайта салмады. Балалар үшін жаяу жүргінші жолы болса, жақсы болар еді. Әсіресе көктем мен күздегі жауынды күндері жүру қиын», – деді қала тұрғыны Петр Янцен.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жоғарыда көрсетілген Наурыз көшесінде бірер жылда жаяу жүргіншілер жолы салынбайды. Себебі инженерлік желілерді ауыстыру жұмысы әлі аяқталмаған. Биыл қаладағы өзге жолдарды жөндеуге шамамен 2,5 миллиард теңге жоспарланған.
«Биыл 2026 жылы жұмыс жүргізгіміз келген, бірақ жаяу жүргінші жүретін тротуардың асты, кәріз жүйелері мен судың құбырлары бар. Солардың бәрі тозығы жеткен, 2027 жылы құбырлардың бәрін ауыстырып бітеді. Алла қаласа, 2028 жылы толық орташа жөндеу автомобиль жолына және де қасына тротуар салынады», – деді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Теміржан Жамауов
Бірнеше жылға созылған инженерлік желі жұмысы аяқталмай, Наурыз көшесінің тұрғындары тротуарға жете алмайды. Тұрғындар болса, уақытша тас төсеп берсе деген үмітін айтты.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Тараздағы өрттен зардап шеккен отбасыларға өтемақы төленеді