Екі бала алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін лагерьге қайтарылған
Ақмола облысының курортты аймағындағы балалар лагерінде бірнеше жеткіншек уланып қалды. Оқиға Біржан сал ауданындағы білім беру-сауықтыру орталықтарының бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зардап шеккендердің жасы 9 бен 12 жас аралығында. Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін лагерьге қайтарылған.
Ал төрт жеткіншек көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, оларда іш өту, құсу және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған.
Жаппай улану дерегі бойынша тексеру басталды.
Айта кетейік, бұл лагерьге жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген бала келіп демалады.
«Балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты. Құсулары тоқтады. Олар әлі бірнеше күн стационарда болады. Денсаулықтары толық қалпына келгеннен кейін ғана үйлеріне жіберіледі», – деді облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Пичкунова.
Оқи отырыңыз: Мереке Құлкенов: Жаңа Конституция – ұлттық құндылықтарды айқындайтын тарихи құжат