Жағдайы нашарлағанын жасырды: Алматыда ота үстінде көз жұмған әйелдің жақындары дәрігерлерді айыптады

21.05.2026 20:31

Туыстардың сөзінше, медициналық мекемедегілер оған дер кезінде көмек көрсетпеген

Алматыда косметологиялық ем-шарадан кейін көз жұмған әйелдің жақындары аталған іске дәрігерлерді кіналайды. Туыстардың сөзінше, медициналық мекемедегілер оған дер кезінде көмек көрсетпеген. Тіпті жағдайының нашарлағанын да ескертпепті. Сондықтан, олар жекеменшік клиникаға тексеріс жүргізіліп, құзырлы органнан істі жіті бақылауға алуды талап етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сәуле Ермаханованың жақындарының сөзінше, марқұм ашық-жарқын мінезді болған. Ауру-сырқауды білмеген. Тек артық салмақтан арылып, іштегі майды кетіргісі келген. Сөйтіп қаладағы жекеменшік емханалардың біріне барып, ақылы ота жасатқан. Алайда операция залында 53 жастағы әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалған.

«Сағат 16:03-те қарындасым кірген, 17:30-да шығатынннынн айййтқаннн. Бірақ ол уақытта шықпады. кенет дәрігер жүгіре бастады. Не болғанын сұрағанда ештеңе айтпаған. Ал сағат 18:00-де  жедел жәрдем көлігі келді. Бірақ ештеңе істемеген», – деді марқұмның ағасы Болатхан Ермаханов.

 Қара жамылған отбасы аталған жайтқа дәрігерлерді кіналайды. Олардың сөзінше, медициналық мекемедегілер көз жұмғанын да бірден хабарламаған. Тіпті әлі күнге дейін клиника басшылығы жағдайды түсіндіріп, кешірім сұрамаған.

«Клиника тарапынан кешірім сұрамады, жағдайды түсіндірмеді. Жекеменшік клиниканың лицензиясын, дәрігерлердің біліктілігін, көрсетілген қызметтің медициналық стандарттарға сәйкес не сәйкес еместігін тексеруді талап етеміз», – деді марқұмның келіні Альдия Үсенбекова.

Ал жекеменшік клиника әлеуметтік желідегі парақшасына аталған іске қатысты ресми мәлімдеме жасады. Онда мамандар марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айта отырып, дәрігерлік құпияға байланысты оқиғаның мән-жайын жариялай алмайтынын жазған. Сондай ақ пациенттерді қабылдамайтынын хабарлады. Ал қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

«Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады». – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл оқиғадан кейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де жекеменшік емхананың лицензиясын, дәрігерлердің біліктілігін тексеруді бастағанын айтты. Сондай-ақ өзге де косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға мониторинг күшейтілетінін жеткізді.

Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ит бес жастағы қызды талап тастады