Бір ай ішінде ауруханадан шығарылатын көрінеді
Әскерде әлімжеттік көріп, жақ сүйегі мен мұрны сынған сарбаздың беті бері қарады. Жарақат алған соң оған дұрыс ем-дом жасалмағандықтан, хәлі ауырлап кеткен. Қазір ол Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде емделіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қатардағы жауынгердің психологиялық жағдайы да тұрақталыпты. Бір ай ішінде ауруханадан шығарылатын көрінеді.
Айта кетейік, Есбол Қапар Отардағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп, лауазымды адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді. Ал кінәлі азаматтар заң жүзінде жауапқа тартылмақ. Бұл жайтты Қарулы күштер жіті бақылауда ұстап отыр.
«Жақсы қарап жатыр. Осы жаққа келгелі жағымды ашып, сөйлеп ,тамақ ішіп жүрмін. Физио терепия алып жатырмын. Келдім, бірден жағымды тексерді», - сарбаз Есбол Қапар.
«Қазір оның жағдайы айтарлықтай жақсарды. Аузын ашып, шайнау функциялары біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Одан бөлек, оған физио және дәрумендік терапия көрсетілуде. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстарынан өтеді. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссияда оның жағдайы қаралатын болады», - деді Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің басшысы Владислав Мусатов.