Қаңтар оқиғасы: Алматыда зардап шеккен бизнес өкілдерінің жағдайы қалай

06.01.2025 15:17

Қалада 1600-ден астам адамның кәсібіне залал келген

«Қаңтар оқиғасы кезінде тұралап қалған кәсібіміз бір қалыпқа түсті». Қаралы күндері шығынға батқан бизнес иелері осылай дейді. Үш жыл бұрынғы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматыда 1600-ден астам адамның кәсібіне залал келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дина Әуежанова 2016 жылдан бері тұрмыстық техника сатумен айналысады. Қаңтар оқиғасы кезінде оның да кәсібі шығынға батып, тұралап қалған еді. Сауда нүктелеріне шабуыл жасалып, тіпті кейбірі отқа оранған. Алайда мемлекет оларды қараусыз қалдырмады. Өтемақы алып, аз уақыттың ішінде кәсібін қайта жандандырды. Қазір бизнес иесінің 30-ға жуық дүкені жұмыс істеп тұр.

"Барлық құжатымыз қолымызда тұрды. 1-2 күннің ішінде қажет деген қағаздарды жинап бердік. Өзімізге келтірілген шығын көлемін бірден анықтадық. Бізге қажет ақпараттың барлығынан хабардар болып отырдық. Сол уақытта 15 сауда нүктеміз болған, қазір оның саны екі есеге ұлғайды", – деді кәсіпкер Дина Әуежанова.

Құжат жүзінде залалды растай алмаған кәсіпкерлер де өтемақы алды. Мегаполис бойынша әр 10 адамның алтауы – шағын және орта бизнес иесі. Жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күндері-ақ 300-ге жуық коммерциялық нысанға залал келген. Олардың қатарында 120 дүкен, 100-ден астам кеңсе мен 80-ге жуық тамақтану орны бар. Ал жалпы сол қаралы күндері мыңнан аса азаматтың бизнесі шығынға батқан.

"Шығындарды өтеу бойынша аймақтық комиссия құрылып, комиссияның бастамасымен 40 отырыс өткізіліп, 1640 бизнес өкілінен өтінім қаралды. Барлық өтінімдер қолдау тауып, нәтижесінде 16 миллиард теңгеден аса бюджеттен қаражат көмек ретінде кәсіпкерлерге көрсетілді", – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әбілқайыр Әлмұхамбет.

Айта кетейік, жаппай тәртіпсіздік салдарынан елдің 11 облысындағы 6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері зардап шеккен. Ал келтірілген шығын көлемі шамамен 103,7 млрд теңгені құраған.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда 2025 жылы жылу және электрмен жабдықтау желілерін ауқымды жаңғырту жоспарланып отыр