Жалған хабарлама: Бас прокуратура алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті

12.11.2026 13:10

Алаяқтар мекенжайды нақтылауды сылтау етіп, хабарламаға жалған сілтеме мен нұсқаулық қоса жолдайды

Almaty.tv

Бас прокуратура қазақстандықтарға дербес деректерді ұрлауға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасады. Қаскүнемдер «Қазпошта» өкілі болып көмескі әдістерді қолдана бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алаяқтар азаматтарға пошта жөнелтілімі келгенін айтып, хабарлама жіберуде. Мәселен, 9 қарашадан бастап шетелдік нөмірлерден (атап айтқанда, +212 6 12 82 15 27) сәлемдеменің жеткізілетіні туралы жалған хабарлама тіркелген. 

Алаяқтар мекенжайды нақтылауды сылтау етіп, хабарламаға жалған сілтеме мен нұсқаулық қоса жолдайды. Ол сілтеме пошта қызметінің ресми сайтына өте ұқсас етіп жасалған фишингтік «тұзақ» болып шығады. Нәтижесінде тұрғындар жеке мәліметтері мен тұрғылықты мекенжайларын алаяқтардың қолына ерікті түрде беріп қоюы мүмкін.

Хабарламалардың мемлекеттік тілде, ресми-іскерлік стильде сауатты жазылуы тұрғындардың сенімін оятып, қырағылығын төмендетіп отыр.

Құқық қорғау органдары бейтаныс нөмірден келген күмәнді сілтемелерге ешқашан баспауға, жеке және банктік деректеріңізді белгісіз ресурстарға енгізбеуге, сәлемдеме туралы ақпаратты тек пошта қызметінің ресми мобильді қосымшасы немесе арналары арқылы ғана тексеруге кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Пәтерді жалға алушыны қыста үйден шығаруға бола ма

Толық көрсету