Жалпыға бірдей декларациялау: Биыл 270-нысанды кімдер өткізуі керек және талаптар қалай өзгерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру тәртібі өзгерді. Биыл қазақстандықтардың бір бөлігі алғаш рет 270-нысан бойынша құжат тапсыруы керек. Бұл – Мемлекеттік кірістер комитетіне табыстар, мүлік және активтер туралы ұсынылатын жыл сайынғы есеп. Құжаттарды өткізудің соңғы мерзімі – 15 қыркүйек. Оны электронды түрде тиісті мемлекеттік жүйелер арқылы жіберуге болады, 

Жаңа өзгерістер жайлы Мемлекеттік кірістер департаменті Жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің бас маманы Назым Дәулетбектегі тікелей байланысқа шығып айтып бермек.

– Назым Тамашқызы, биыл 270-нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны кімдер ұсынуға міндетті және құжатта қандай мәліметтер көрсетілуі керек?

«2025 жыл үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары, банктер мен сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың резидент жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі 10 пайыздан астам болатын құрылтайшылар мен қатысушылар, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар, адвокаттар, медиаторлар, жеке сот орындаушылары және нотариустар ұсынады. Жеке тоқталып кетсек мәселе – 2025 жылы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған тұлғалар. Қазақстан Республикасында және шетелде сатып алынған мүліктің жиынтық құны 20 000 АЕК-тен, яғни 78 млн теңгеден асса, декларация ұсыну міндеттемесі туындайды. Яғни бұл жерде сатып алынған мүліктің жиынтық құны ескеріледі. Мысалы, пәтер, автокөлік, бағалы қағаздар және басқа да активтер. Алматы қаласы бойынша мұндай тұлғалардың саны 6 мыңнан асады, алайда бүгінгі таңда өз міндеттемелерін орындағандардың үлесі небәрі 10 пайызды құрайды. Осыған байланысты аталған тұлғаларға белгіленген мерзімде декларация ұсыну бойынша өз міндеттемесін орындауға шақырамын».

– Ал декларацияны ұсыну мерзімі мен тәртібінде қандай өзгерістер бар және белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?

«20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған жеке тұлғаларға ерекше назар аудару қажет. Декларацияда тиісті мәліметтер мен шығыстарды жабу көзі көрсетілуі қажет. Заңды тұлғаларға келсек. Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары үшін мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы мәліметтерді оның құнына қарамастан көрсету көзделген.  Өз кезегінде, декларацияны алғаш рет ұсынбағаны үшін ескерту көзделген. Ескерту қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осыған байланысты 270.00 нысанын ұсыну міндеті туындайтын барлық тұлғаларға 2025 жыл бойынша кірістерін, мүлік және активтерін алдын ала тексеріп, декларацияны белгіленген мерзімде уақтылы ұсыну маңызды екенін атап өткім келеді».

Оқи отырыңыз: Елімізде дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналды